Аймақта қандай хабар бар?

Айықтырғыш ашылды
Арқалық. Уақытша бейімдеу және детоксикация орталығы он адамға шақталған. Оның санын жиырмаға дейін көбейту жоспарда бар. Бесеуі әйелдерге арналмақ. Алкоголь тұтынған адамдарға медициналық қызмет көрсететін орталық күндіз-түні істейді. Айықтырғыш мекеме «Жол картасы» бағдарламасы аясында ашылды.
 
Мәселе шешімін табады
Рудный. Марите көшесіндегі №37 жаңа ипотекалық үйді тұрғындары қала әкіміне шағымдарын жеткізді. Жыл бұрын пайдалануға берілген баспананың жылу жүйесі әлсіз. Құбырлары қатып қала береді екен. Бұл үйде газ да жоқ. Шаһар басшысы жылу мәселесін «Рудныйсоколовқұрылыс» АҚ шешетінін айтты. Көгілдір отын да баспанаға жыл соңына дейін енгізілмек.
 
Греплингтен күш сынасты
Меңдіқара. Дәстүрлі турнирге биыл 10-20 жас аралығындағы 196 спортшы қатысты. Жарыста Қостанай, Рудный, Арқалық қалалары және Әулиекөл ауданының балуандары белдесті. Қорытындысында «Аламан» командасы 1-орын иеленді. 2-орын «Qazaq Batyry» тобының еншісінде. 3-орынды «ММА» командасы жеңіп алды. Бұл командалардың бәрі Қостанайдан келген. Жекелег спортшыларға да арнайы жүлде табысталды.
 
Өнер жарысы
Федоров. «Жастар» мәдениет үйінде көркемөнерпаздардың «Өнеріміз саған, Қазақстан!» атты аудандық байқау-фестивалінің гала-концерті өтті. Байқауда Первомай ауылдық округінің клубы жеңімпаз атанды. Оларға 1 млн теңгенің сертификаты берілді. 2-орын алған Костряков ауылы клубының өнерпаздары 750 мың теңге иеленді.
 
Мерекенің көңілді бастамасы
Жітіқара. Аудан орталығында шырша шамын жағу рәсімі өтті. Тұрғындар назарына концерттік бағдарлама, театрландырылған қойылым ұсынылды. Жұртшылық қала мектептері салған қар мүсіндерді тамашалады. Әкімдік те Тәуелсіздік алаңына мұз қалашығын, биік сырғанақ, жарық-диодты құрылыстар орнатқан. Безендіру іс-шараларына барлық мекеме-ұжым атсалысуда.
 
Жолдасына пышақ салған
Лисаков. 46 жастағы тұрғын үйінен өлі табылды. Мәйітте зорлық-зомбылық белгілері бар. Полицейлер қылмыс жасады деген күдікпен қала тұрғынын ұстады. Ол «бөтелкелес» жолдасымен жанжалдасып қалып, оны пышақтап тастаған. Қылмыскер кінәсін толық мойындады. Қазір сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓