Тиімділік – тараптарға ортақ
Ақтөбелік "СевКазЕт" ЖШС Қарабалық ауданының ауылшаруашылық кәсіпорындарымен әріптестік қарым-қатынас орнату үшін ауданға келді. Айтылмыш серіктестік "Агро-Торо" ЖШС аумағында орналасқан мал сою цехын жалға алды. Мұндағы мақсат – жұмысты жүйелі жолға қойып, ақырғы нәтижесінде экспорттық бағытқа шығу.
"Біз әлі жолдың басында тұрмыз, мал жеткізушілермен келісім-шарт жасасуды да енді бастап жатырмыз. Күні кеше ғана жүргізілген апталық көрсеткіш бойынша 150 бас мал сойылды. Өнімділікті арттыру – біздің басты міндетіміз. Өйткені бұл цехтың қуаттылығы – тәулігіне 30 бас. Жұмышылар жеткілікті, барлығы 15 жаңа жұмыс орны құрылды. Бәрі – жергілікті тұрғындар. Техникалық қамтылым олқылығы жоқ. Мемлекеттік бағдарламаларға қатысуға және аудандық биліктің назарын біздің өндірістік әлеуетті арттыру мақсатына бұруға ықтиярлымыз. Себебі біздің жоспарымызға , егер малдар ойдағыша жеткізіліп жатса, ет өңдеуді ұйымдастыру алынып отыр. Нақтылай айтсақ, жартылай дайын ет өнімдері, тушенка сынды бірнеше консевіленген өнімдер шығару нысанада бар. Яғни оңтайлы жағдай ұсына отырып, ет шығаруға барынша дайынбыз", – деп кәсіпорынның жоспарларымен бөлісті.