Текті атаның тұяғы

 Еңбекпен еленіп, елдің ықыласына бөлену – үлкен құрмет. Осындай құрметті жандардың бірі – «Қазақстан денсаулық сақтау саласының үздігі», Арқалық қаласының «Жыл адамы» құрметті атағының иегері М. Спандияров.М. Спандияров
 Мұхамедрахым Спандиярұлы 1953 жылы 28 ақпанда Амангелді ауданының Бестау ауылында дүниеге келген. Арқалық қаласындағы Ш. Уәлиханов атындағы №1 мектептің түлегі. Қарағанды мемлекеттік медициналық институтының емдеу бөлімін бітірген жас маман Арқалық аймақтық туберкулезге қарсы ем қолдану диспансеріне дәрігер – рентголог болып жұмысқа орналасады. Міне, содан бері қырық жылға жуық уақыт бойы бір ұжымда тапжылмай еңбек етіп келеді.
 "Бір жол бар алыс, алыс та болса жақын, бір жол бар жақын, жақын да болса алыс" деген. Мұхамедрахым аға атақ пен абыройға сол алыс жолмен асығып – аптықпай жеткен жан. Қысқасы, ол не істесе де атақ – дәреже үшін емес, қанға сіңді қасиетпен еңбегінің ел мүддесінен шығуын қалады. Қол жеткізген биіктеріне өзінің ақ адал еңбегімен, ізденістерімен жетті. Бүгінде оны әріптестері өз ісінің білгірі, жастардың ақылшысы санайды.
 Білгір де білікті маман өмір тәжірибесінде заманауи жетістіктерден қалыспай, өз ортасында зор құрметке бөленіп келеді. Ал, абырой мен атақ адам баласына оңайлықпен келмек емес.
 "Оқу инемен құдық қазғандай" десе, сол оқуды оқып, алған білімін лайықты еңбегіне жаратты. Елінің құрметіне бөленген ақ халатты абзал жан ізденіп үйренуден жалыққан емес. Сол мол еңбек арқылы шеберлік шыңына шықты.
 Ол қоғамдық жұмыстардың да үнемі бел ортасында жүреді. Тәжірибелі денсаулық сақшысы мекеме – ұжымдарда, оқу орындарында аурудың алдын алу жолдарын жиі насихаттап, ақыл – кеңестерін беріп отырады. Тілегі – жастардың жаны сау болып, тәуелсіз еліміздің өркениетіне өз үлестерін қосуы.
 Мұхамедрахым аға туған қаласының болашағына қатты алаңдайды. Бір отбасы көшіп кетсе кәдімгідей жаны құлазып, бір түп ағаш отырғызылса марқайып өсіп қалады. Мәдени – спорттық шаралардың үнемі бел ортасынан табылады. Жерлестері жетістікке жетсе сол биіктен өзі көрінгендей төбесі көкке жетеді. Өзінің жеткен жетістігін жүктелген мол жауапкершілік деп санайды.
 Халқының қолдауына ие болып, "Алтын дәрігер" атанған ол үлгілі отбасының тірегі. Бір үйде екі денсаулық сақшысы. Жұбайы Сәуле екеуі шаттықты шаңырақтарында бір ұл, бір қыз тәрбиелеп өсірді. Аружан, Әбілмансұр атты немерелері тәтті қылықтарымен баурап өсіп келеді. Еңбегімен еленген ерлі -зайыпты дәрігерлердің өмір жолдары жаңа талап жастарға үлгі өнеге.
  "Жақсыда жаттық жоқ" дейді. Жақсы адамда дос та көп, жолдас та көп. Мұхамедрахым аға үшін олардың әрқайсы бір төбе. Халқының асыл қасиеттерін бойына сіңірген Мұхамедрахым аға үлкенге ізетті іні, кішіге қамқор аға бола білген жан. Жүзінен мейірім шуағы ескен, иманы мол рақымы зор азамат. Жүрген жері береке, думан – мереке. Оқыған тоқығаны, көріп түйгені мол. Әдебиетті әліппесінен, тарихты тереңінен біледі. Ел ішінде "Мұхамедрахым айтыпты" деген қанатты сөздер, әзіл – әңгімелер жетіп артылады. Бір ғана мысал: – "Жыл адамы" атағын алғанымда әріптестерім теледидардан ақ тілектерін арнап еді, көшеден мені көрген іні – қарындастарым: "Ағай, туған күніңіз құтты болсын!" деп құттықтап жатыр,- дейді мұртынан күліп.
 "Шөп те шыққан жеріне шығады" деген. Жемісті еңбек иесі текті атаның тұяғы. Өзбасы ұлтқа, руға бөлінгенді қаламаса да, аруақты құлан Кейкі батырдың атын айтпай кету әбестік. Атасы қазыналы Қылышбай қарт. Ағасы Әубәкір қашан қолынан қаламы түскенше батыр бабасы жайлы деректерді іздестіруден танбады. Әкесі Спандияр жалындаған жастық шағында дүниеден өтті. Мұхамедрахым ағаның өзі де батыр тұлғалы, паң мінезді жан. Ол – тағдыр тауқыметіне мойынсұнбай өсті. Қайсарлығы, еңбексүйгіштігі, ізденімпаздығы жастарға үлгі. "Әке көрген оқ жонар" деп ізін жалғаған ұлы Мағжан да "Әкем сияқты елдің сыйлы азаматы болсам" дейді.
 Өмірдің өзі мектеп. Сол мектептен өнеге алған ағамыз жайлы осылай сыр шертіледі. Ол жүрген мектеп өмір тағылымы. Сол жолда ағаның ғұмыры ұзақ болсын дейміз."Жаныңда жүр жақсы адам" деп жарқын жүзімен, жүрек жылуымен ел – жұртын қашанда мол қуанышқа кенелте бергей.
 
Асқақ рух ағалар – ай, арманы ақ,
Тіршіліктен тілемеген жалған бақ.
Тектіліктің туын тігіп әрқашан
Арамызда жүре берші, алшаңдап!
 
Суретте: М. Спандиярұлы, ҚР Денсаулық сақтау ісінің үздігі
Суретті түсірген автор
  
Мұрат Жүнісұлы
                                                                              Арқалық қаласы.
 
 
 

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓