Ардагерлерді ардақтаған

"Ата" қорының басшысы Марат Қабдылсалықов туралы әңгіме
 
Қазақта: "Жомарттың аты арымас, тоны тозбас" дегендей, жақында кем-кетіктерге, карияларға дегенде қолы ашық, әрқашанда кісіге көмектесуге дайын тұратын Марат деген азаматпен таныстым. Бұған дейін де жиналған жерде жұрт осы баламыз туралы аңыз қылып айтып отырғандарын талай естігенім бар еді. Бір зейнеткер  дәрі-дәрмекке, отын-суға, не бір қысылшаң жағдайда ақшалай көмегін тигізгенін айтып отырса, ал енді біреуі – орнынан жылжуы қиындап кеткен мүгедекке қымбат бағалы арба сатып әпергені, не  санаторийге емделуге жолдама бергені туралы  ризашылықтарын  айтып отыратындарының куәсі болып едім.
Япыр-ай, бұл неткен дарқандық, кейбір байларымыз құдайға жетеміз деп, қайырымдылық дегеннен жұрдай болып бара жатқан заманда, бұл бір кездейсоқ жағдай болар, не жұрттың алып-қашпа сөзі шығар деп жүретінмін.
IMG_6643цвЖақында Оспанов Есімхан деген зиялы азаматпен біте жолай қаладағы Байтұрсынов көшесіндегі "Ата" қорының мекенжайына бас сұқтым. Шағын екі бөлменің бірінде, қабырғада осы облысымызға еңбегі сіңген атақты замандастарымның портреттерінен бос орын жоқ екен. Бұлар Ұлы Отан соғысы мен тыл және еңбек ардагерлері, бұрынғы кеңшар, ірі кәсіпорын директорлары мен аудан басшылары, ал бүгіндері осы қордың мүшелерінің фотосуреттері екен. Бәрі де маған бұл қайырымдылық үйіне "хош келдің" деп ризашылықтарын білдіріп тұрғандай болды.
Жұмыс уақыты бітсе де, Марат ініміз кабинетінде екен. Ілтипаттық көрсетіп жоғары орынға отырғызды. Әңгімелестік, таныстық. Қордың істеліп жатқан жұ-мыстары сөз болды. Ол ауыз толтырып айтарлықтай екен. Өткен жылы қаншама зейнеткерлерге материалдық көмек көрсетілген, облыс аумағы ғана емес, басқа облыстарға да экскурсияларға шығыпты. Табиғат аясында түскен суреттегі кариялардың қуанышты жүздеріне қарап, Марат інімізге іштей риза болдым. Ал биыл Әулиекөл, Таран, Нау-ырзым, Жітіқара аудандарына 40-50 шақты зейнеткерлер жайлы автобустармен сапар шегіп, ондағы мектептерде болып, еңбек адамдарымен кездеспекші.
Ризашылығымды жасыра алмай: "Марат-ау осыншама қаржының көзі неде" – деп сұрадым. Аз-мұз қалталылардың көмегін айтпағанда, негізгі қаражат Мараттың өз қалтасынан шығатын көрінеді. Шағын шатханасынан тапқан табысы осы қайырымдылық жолына жұмсалады екен. Ол аз кем емес, жылына 2-3 миллионнан астам теңге.
Марат әңгіме арасында облыс, қала басшыларына істеліп жатқан істерге түсіністікпен қарап, қолдау көрсетіп тұратындарын айтып отырды.
Әңгіме соңында мен Марат ініме қолымнан келген көмегім болса тегін көрсетіп тұруға дайын екендігімді айттым. Ол: – "Әр жетінің басында қор мүшелерінен тұратын қамқоршылық кеңестің отырысына келіп, ақылыңызды айтып тұрсаңыз болады" –  деді.
Сонымен көп ойланбай осы қордың мүшесі болып шықтым, екі рет отырыстарына да қатыстым. Шынында да бұл әр ұлт өкілдері карияларының бастары қосылып, көңілдері бір көтеріліп қалатын жері екен. Орысы, украйны,кәрісі бар барлығы дерлік қазақтың осы қараторы жігітін: "Біздің Марат", "Марат балам" дейді екен. Осы екі отырыста Марат ініміз жастары келген 7-8 қарттарды мерейтойларымен құттықтап, үстеріне шапан жауып, қолдарына пакет, гүл ұстатып жатты. Бұндай сый-құрметке олар риза болып, кейбіреулері көздеріне жас алып: "Марат балам көп жаса, бала-шағаңның қызығын көр, бақытты бол" деп алғыстарын айтты.
Бүгіндері бұл қор мүшелері Ұлы Жеңістің мейрамына дайындық үстінде. "Әрбір соғыс, тыл, еңбек ардагерлері біздің сый құрметімізден тыс қалмауы тиіс, алдын ала жасалған тізім бойынша, мүмкіншіліктері шектеулілерін үйлеріне, не ауруханада болса сонда барып, құттықтаймыз" – дейді Мұрат ініміз". Ол үшін 200 ден астам пакеттер, басқа сый құрметтер дайындалуда. Аудандар да назардан тыс қалмапты.
Тек бір айтарым, кейбіреулер осы қарияларға деп көрсетіліп жатқан ілтипатты дұрыс түсініп, алып қалу пиғылынан аулақ болса екен деймін. Олай дейтінім, осы өткен отырысқа қазақтың 15-16 жас шамасындағы бір баласы келді. Оның бұйымтайы, қайтыс болған атасына 500000 теңгеден астам қаржыға ескерткіш орнату үшін "Ата" қорынан ақша сұрай келіпті. Жас жігіт сол ақшаның ең болмағанда 50 пайызын өтесеңдер екен дейді. Біздердің мар-құмның отбасы туралы сұрағымызға, оның 8 ұлы, бірнеше немерелері бар екенін айтты. Қор мүшелері жас балаға қайтыс   болған беймәлім кісіге қымбат ескерткіш орнатуға көмектесу туралы ережеде көрсетілмегенін және   ондайды марқұмның соңында қалған ұрпақтарының парызы екенін түсіндірді.
Жас баланы құрқол шығармайын деді ме, Марат "Сен атаңды қадірлеп, ескерткіш орнатам деп талаптанып жүргеніңе ризамын, сол үшін мына менің көмегімді ал" – деп қалтасынан қомақты қаржы алып ұсынды. Қуана-қуана бала кетті.
Ата-анадан ерте жетім қалып, қиыншылықта өскен Марат ұлтжанды да екен.
Қала шетіндегі үйде тұрып, баласын қазақтың салт-дәстүріне тәрбиелейтінін де сөз қылды. Бес бала ұйымшыл, еңбекке баулиды екен. Кешке жұмыстан келген соң баласын салт атпен жүруге үйрету үшін әдейі бағып отырған атқа ер салып, ұзын арқанмен аулада серуендететін көрінеді.
Марат ініміздің 10 жылдан бері істеп келе жатқан еңбегі зор. Қор мүшелері ұлтына, жасына қарамай ұйымшыл, бір жанұяның мүшесіндей, олар қуанышта да, кикілжің жағдайларда да бірге болады екен. Тек айтарым, осындай інілеріміздің қатары көбейе бергей. Қайырымды кісінің қалтасы ортаймайды деген дана халқымыз, соған тілектеспіз.
 
Ғалихан Мәулетов,
зейнеткер.

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓