Өңірде қылмыс төмендеген
2013 жылдың бірінші жартыжылдығында 12,9 мың қылмыс тіркелсе, биыл осы мерзім аралығында 11,5 мыңды құрайды. Бұл туралы ҚР Бас прокуратурасы Құқықтық статистика және арнайы есеп жөніндегі комитетінің Қостанай облысы бойынша басқарма басшысы Е.Пархоменко өңірімізде өткен баспасөз жиынында хабарлады:
– Аймақта қылмыс 10,9 пайызға төмендеген. Бұл – объективті дерек. Яғни, соңғы үш жылда алғаш рет қылмыс төмендеген болып саналады. Қостанай облысы тіркеуге алынған қылмыстар жағынан елімізде 7 орында. Егер тіркеуге алынған қылмыстарды салыстырмалы түрде қарастырсақ, 2011 жылы – 85,4 пайызға, 2012 жылы – 50 пайызға, 2013 жылы – 13,4 пайызға артқан болатын. Құқық қорғау органдары соңғы уақытта жасырылған қылмыстардың бетін ашу мақсатында түрлі шаралар өткізіп келеді. Дегенмен жасырылатын қылмыстар әлі де баршылық. Сол себепті есептік-тіркеу тәртібі жылдан жылға күшейтіліп келеді, – деді.
Өңірімізде кісі өлтіру, ауыр жарақат салу, зорлау, қарақшылық, тонау, ұрлық, жасөспірімдер арасындағы қылмыс азайған. Алайда ішімдік пен есірткіге масайып жасалған қылмыстар мен адам өліміне әкеп соқтыратын жол-көлік апаттарының саны артқан.
Шұға Қоңқабай