Жауапкершіліктен жалтарған тұлғалар жазадан құтылмайды
Еліміздегі кейбір заңды немесе жеке тұлғалар өз құқықтарын білмейді. Мұның арты үлкен дауға ұласуы мүмкін. Тіпті, кейбіреуінің ісі сотқа жетіп, артынша әкімшілік жауапкершілікке тартылып жататындығы жасырын емес.
«Мұның бәрі қарапайым заңдарды білмеуден туындайды. Біз бұл туралы жергілікті телеарналар арқылы сұхбат береміз, түсіндіреміз. Мерзімді баспасөзге де жиі қалам тартуға тура келеді,-дейді Қостанай қалалық әділет басқармасының аға маманы Алтынай Хасенова.- Қазіргі таңда дүниежүзілік экономикалық форумның ғаламдық бәсекеге қабілеттілік индексі мен «Doing Business» дүниежүзілік рейтингінде Қазақстанның көрсеткіштерін жақсарту мақсатында жеті сайын қала тұрғындарымен дөңгелек үстелдер, семинарлар өткіземіз, дәрістер, ашық есік күндерін өткіземіз. Мұның бәрі халықтың сауаттылығын арттыруға көп септігі тиеді. Жұртқа жаңа шыққан заңдарды түсіндіреміз».
Мәселен, бұрын қандайда бір жаңа кәсіпорын ашылса, оған куәлік беру әділет органдарының құзырындағы шаруа болатын. Қазір олай емес. 2013 жылдан бері заңды тұлғалар «Е-gov.kz» -Үкіметтің электрондық порталы арқылы тіркеліп, жай ғана мекенжай анықтамасын алса жеткілікті. Көптеген заңды тұлғалар осыны әлі күнге жете түсінбейді. «Әсіресе, банктен есеп-шот ашарда немесе несие алар кезде, талап еткен құжаттарды бізден сұрайды. Негізі, заңды тұлғалардың кейбірі куәліктің анықтамамен ауыстырылғанын білмейтін болуы керек»,-дейді аға маман.
Заңды тұлғалардың тағы бір шикілігі мынада: көптеген шағын және орта бизнес өкілдері мекенжайы ауысқанда бір ай ішінде әділет органдарына хабарлауы тиіс. Олай етпесе әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 5-10 ЕАК көлемінде айыппұл төлейді. 2015 жылы осындай бес факт тіркелді. Биылдыққа мұндай жағдай болған жоқ.
Соңғы кездері жалған кәсіпкерлік нысанын ашып, артынша салық төлеуден жалтарып кетпекші болғандардың ісі әшкерелене бастады. Мәселен, бір азамат заңды тұлға ретінде серіктестік құрып, оны әлдекімнің атына тіркейді. Сөйтіп, қарызға батады. Артынша, салық органдары, әлгі адамды іздеп тауып, «Сіз мынадай сомада салық төлеуге міндеттсіз» деп барса, жаңағы кісі: «Оны мен ашқаным жоқ. Біреу маған бірігіп істейміз деп, 50 мың теңге беріп, артынан өзі ұшты-күйлі жоғалып кетті»-деп ақталады. Қазір осындай жауапсыз тұлғалар көбейіп кетті. Олардың бәрі сот арқылы жабылып жатыр.
Әлібек ЫБЫРАЙ
Суретті түсірген Бағдат АХМЕТБЕКОВ.