Ардагер полицей ұрыларды ұстауға көмектесті
ҚР ІІМ ардагері, Жітіқара ІІБ полициясының бұрынғы инспекторы Аман Тұлыбаев жергілікті полиция қызметкерлеріне ұрлықтың бетін ашуға көмектесті, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.Ұрлық фактісі 12 тамыз күні Жітіқара қаласында тіркелген. Белгісіз біреулер 1934 жылғы зейнеткердің үйіне баса-көктеп кіріп, егде әйелді сабап, 20 мың теңгесін алып кеткен. Қылмыстың бетін ашу үшін жедел тергеу тобы құрылып, іздеу жұмыстарына жіті кіріскенімен, ұрыларды табу оңайға түспеген. Зейнеткер түнгі уақытта ұрылардың кім екенін байқамай қалған көрінеді. Осы кезде ардагер полицейдің көмегі тиген. Аман Алтайұлы ұрлық болған ауданды жақсы білгендіктен, күдікті деп санаған адамдарды полицияға көрсеткен.
«Жедел іздестіру шаралары барысында Жітіқара қаласының тәртіп сақшылары 2015 жылдан бері ішкі істер органдарында есепте тұрған 33 жастағы күдіктіні қолға түсірді. Ұсталған адам айыбын мойындап, өзімен бірге қылмысты жасаған 24 және 25 жастағы екі жігіттің кім екенін айтып берді. Қазіргі уақытта олардың бәрі уақытша ұстау оқшаулағышына қамалды», – деп хабарлайды ШҚО ІІД-ден.
Жітіқара қалалық ІІБ бастығының орынбасары Есберген Жүкеев халықтың кейде қылмыстардың бетін ашуға атсалысып жататынын айтады. Бастық орынбасары Аман Тұлыбаевқа көрсеткен көмегі үшін алғыс білдірді.