Болашақ – робот техникасында
Жуырда Астана қаласында өткен ІІІ республикалық робототехника олимпиадасынан Рудныйлық оқушылар табыспен оралды. №7 қазақ орта мектебінің қос таланты Ерсұлтан Бұқарбаев пен Әлішер Муменов алдымен аймақтық жарыста топ жарып, өздерін осы салада үздік екендіктерін дәлелдеген болатын. Жыл сайын тақырыбы ауысып отыратын дарындылар додасының биылғы атауы – "Қоқыстармен күрес". Көрме түрінде ұйымдастырылған олимпиадада еліміздің түкпір-түкпірінен келген 211 оқушы қоқысты жинау мен өңдеуге арналған жобаларын әділқазылар назарына ұсынды.
Ерсұлтан мен Әлішер бұл жарысқа арнап судағы қоқысты жинайтын кемені ойлап шығарды. Кеменің түтіктері бар бөлігі қоқыс жиналған уақытта көтеріліп, арнайы бөлімшеге төгіледі. Бұл жерде қоқыс қайта өңдеуге жарамды және қайта өңдеуге жарамсыз болып екіге ажыратылады. Жарамсыз қоқыс арнайы пеште жағылады, ал жарамдысы конвейер арқылы жоғары көтеріліп, жәшікке түседі. Кеменің артқы жағында мұнай қалдықтарын жинауға арналған бөлімше де бар. Оқушылардың бұл жобасы мамандардың қызығушылығын тудырып, жоғары бағаға ие болды. Оларға арнайы сертификат беріліп, құны 200 мың теңгелік «Lego» сыйлығы табысталды.
Айта кетейік, робот техникасы – елімізде енді ғана дамып келе жатқан инновациялық сала. Бұл сала тек роботты құрастыруды қарастырмайды. Сонымен қатар, бағдарламалау, инженерлік, дизайнерлік білім мен физика, математиканы меңгеруді талап етеді. Яғни жастар робот құрастыру барысында жан-жақты ізденіп, білімдерін кеңейтеді. Болашақта білікті, ізденімпаз маман болуларына жол ашады.
Ерік СЕРІКБАЙ,
№7 орта мектептің
«Робототехника» үйірмесінің жетекшісі