Тархан Дәуітбай батыр ескерткіші
Кешегі қуғын-сүргін заманында тарыдай шашылған Дәуітбай батыр ұрпақтары қайта бас қосып, Торғай жеріндегі тарих бетін қайта ашты. Алматы, Астана, Арқалық, Қостанай, бір шеті Қарағанды қаласында тұратын батыр баба ұрпақтары бір-бірімен құшақ жайып көрісіп, көңілдері көтеріліп бір марқайып қалды. Тархан баба ұрпақтарының бас қосу себебі “Дәуітбай қорымына” осы батыр бабамыздың құрметіне арнап, ескерткіш белгі орнатты. Оның ашылу салтанатында сөз алған Шеген ауылының тұрғыны Алпысбай Шыңғысов, Рақым Рыскелдин, Қасымхан Алтынсарының ұрпағы Кеңес Арыстанов тебіреніп тұрып сөз сөйлеп, қуаныштан толқыған сәттерінде көпшіліктен жасырып қала алмады. Әрине ғасырлар тоғысынан кейінгі бас қосуда қуаныштан домалап жерге түскен көз жастың өзі жарты ғасырлық тарихтан енші алған іспеттес. Ал Алматы қаласынан келген Марат Хамзин елге – жерге деген сағынышын “Баба қорымының басында” атты жырымен жеткізді.
Салтанатты ашылу рәсіменен кейін Н.Ахметбеков атындағы мәденеиет үйінде “Қоғамдық – әлеуметтік ортасы және ұрпақтар сабақтастығы мен тарихи танымдық” тақырыбында аймақтық ғылыми конференция өтті.
“Тархан Дәуітбай ұрпақтарының қазақ руханиятына (ғылым, білім, әдебиет, мәдениет, спорт) қосқан үлесі жайлы Ы.Алтынсарин атындағы Арқалық мемлекеттік педагогикалық институтының доценті, ф.ғ.к, айтыскер ақын Айбек Қалиев баяндама жасады.
Қостанай мемлекттік педагогикалық институтының профессоры, ф.ғ.к, ақын Серікбай Оспанов “Торғай елінің әйгілі тұлғалары (Мұса – Шеген, Қазыбек – Бірімжан, Дәуренбек – Қорғанбек, Ахмет – Ғазымбек, Жақып – Қасымхан) ұлт – азаттығы мен алаш қозғалысына қосқан үлестері жайлы кеңінен баяндап, жан – жақты түсінік берді.
Жарыссөзге шыққан Алматы қаласының тұрғыны, Дәуітбай әулетінің жиені, Грузия және Қазақстан жазушылар одағының мүшесі, жазушы Тұрсынбек Токин, өлкетанушы, ғалым, Астана қаласының тұрғыны Кеңесбек Мәулетов, еңбек ардагері, осы әулетке жиен Рақым Рыскелдин, Өлкетанушы, Ахметтанушы, Қостанай қаласының тұрғыны Ибраһим Ағытаев, Астана қаласынан келген Кеңес Арыстанов өздерінің білген түйгендерін көпшілікпен бөлісіп, тұщымды талдаулар жасай білді.
Шежіре кітаптың шығуына мұрындық болған Ертай Қарабалин тұсауы кесілгелі тұрған “Дәуітбай тархан: Қоғамдық – әлеуметтік ортасы және ұрпақ сабақтастығы” атты шежіре кітаптың негізгі бөлімдерін танысытырып, оның лентасын алыстан келген мәртебелі меймандар салтанатты түрде қиды. Сонымен қатар Торғай мұражайлар кешеніне Дәуітбай батыр мен Шеген бидің үлкейтілген қабырға суретін естелікке сыйға тартты.
“Шаңырақ” шатханасында Тархан Дәуітбай батырдың құрметіне арнап ас беріліп, рухына дұға бағыштады. Алашқа аты мәлім айтыскер ақын Айбек Қалиев арнау – жырын тарту етті.
Батыр баба ұрпақтарының ұйымдастыруымен Топжарған спорт кешенінде “Түйе палуан” күресі тартысты өтті. Сан мықтының ішінен жерлесіміз Дәулетхан Бәйкенұлы “Түйе палуан” атанды. Қостанайлық Ерлан Омаров екінші орын алды. Ал арқалықтық Ғабит Балғынбаев үшін орынға табан тіреді. Барлық жеңімпаздар қомақты қаржымен марапатталды.
Еліміз тәуелсіздікке қол жеткізген шақта тарихы сан ғасырлық сыр болып тұнып тұрған халқымыздың даналары мен батырларының, билері мен зиялы адамдарының есімдерін қайта жарыққа шығарып, келешек ұрпақ үшін тәрбиелік маңызын арттыру – бүгінгі күннің басты талабы.
Байбатыр НИЯЗБЕКҰЛЫ,
Жанкелдин ауданы