Рудныйда шұбат өндіріліп, түйе еті сатылады
«ССКӨБ» АҚ Кен дайындау және байыту фабрикасының ұнтақтаушысы Алмат Нұрмаханов төрт түліктің төресі саналатын түйе өсіруді қолға алып отыр. Кеншілер қаласы үшін жаңа істің бастамашысы болған ол мұндай кәсіппен туған жері Өзбекстанда айналысқан көрінеді. Алайда 2003 жылы Рудныйға көшіп келіп, кен алыбына жұмысқа тұрған Алмат сүйікті ісінен қол жазып қалады.
– Арманымды жүзеге асыруға Еуразиялық Топ, Қостанай облысы әкімдігі мен «Атамекен» ҰҚК арасындағы меморандумның арқасында мүмкіндік туды. Сондықтан өзім жұмыс істейтін «ССКӨБ» АҚ басшысы Береке Мұхаметқалиевке және бизнес-жоспарды құруға қолдау көрсетіп, жан-жақты кеңес берген жергілікті кәсіпкерлікті қолдау орталығының мамандарына айтар алғысым шексіз, – дейді ол.
Барлық құжаттарды ойдағыдай тапсырған Алмат көп ұзамай 4 миллион теңгесіне де қол жеткізеді. Үш жылға алынған жеңілдетілген несиені ол 6 айдан кейін төлей бастайды. Жылдық сыйақы мөлшері – 4 пайыз ғана. Әзірге Аманкелді ауданынан 4 түйе мен 2 бота әкеліп, оларды Юбилейное ауылына жерсіндіріп отырған кәсіпкер алдағы жоспарымен де бөлісті.
– Қазір қыстауға арналған үлкен қора салудамыз. Көктемде өріске айдаймын. Оларды жыл он екі ай саууға болады. Бір бас кемі 3-4 литр шұбат береді. Рудныйда бұл сусынды және түйе етін қуана сатып алатын жерлестерім жетерлік. Жергілікті тұрғындар қазірден бастап қызығушылық танытуда, – дейді Алмат Нұрмаханов.
Құрғақшылық пен ыстыққа төзімді келетін қасиетті жануарды қазақ халқы еті мен сүтін әрі тағам, әрі шипалы дәру, жүнін киім, өзін сенімді көлік ретінде бағзы замандардан бері пайдаланып келген. Әсіресе, ойсыл қараның шұбаты көп дертке дауа. Ішек, бауырды тазалап, өт жолдарының жұмысын жақсартады, қышқыл бөлудi тездетiп, асты жылдам қорытуға септiгiн тигiзеді. Құнарлығы да жоғары. Мәселен, бiр литр түйе сүтiнде 911 килокалория болса, бие сүтiнде – 528, сиырдікі – 660 килокалорияны құрайды.
Бүгінде кейіпкеріміз кен алыбындағы жұмысын ойдағыдай жалғастырып келеді. Себебі ол жұмыста кезде түйеге әкесі мен інілері қарайды. Еуразиялық Топ беріп отырған мүмкіндікті қалт жібермей, ойдағысын жүзеге асырған Алматтың бұл кәсібіне тек қана сәттілік тілейміз.
Қуаныш ЕСҚАБЫЛ