«Онлайн-тәлімгер» – озық жоба
Қостанайлық жас мемлекеттік қызметшілер басшылармен онлайн жүйеде байланыс орната алады. Мұндай жаңашылдық туралы мемлекеттік қызмет департаментінің басшысы Ерлан Салықбаев айтып берді.
«Онлайн-тәлімгер» жобасы облыстық мемлекеттік органдарында пилоттық режимде іске қосылып отыр. Жобаның артықшылығы, кез келген жас мемлекеттік қызметші облыстық, аудандық деңгейдегі бірінші басшыларға онлайн жүйеде байланысқа шыға алады.
– Тәлімгерлік жобасына өткен жылдан бері 422 жас мемлекеттік қызметші өтінім білдірген. Олардың қатарына биыл тағы 181 қызметкер қосылып отыр. Жұмысқа жаңа қабылданған жас мамандардың тәжірибелі басшылардан кез келген уақытта, қайда жүрсе де ақыл-кеңестер алуға мүмкіндігі бар, – деп атап өтті Е.Салықбаев.
Мамандардың сөзінше, аталмыш жоба шалғай ауылдар мен облыс орталығының арасындағы өзара байланысты нығайтуға, жас мемлекеттік қызметкерлердің кәсіби дағдыларын арттыруға, сондай-ақ белгілі бір салаға қатысты мәселелерді бірлесе шешуге мүмкіндік береді.
– Департамент өкілдер арнайы топ жасақтады. Оның құрамына мемлекеттік қызметтің ардагерлері де енді. Пилоттық жоба әуелі Әулиекөл, Денисов, Қарабалық, Федоров және Қостанай аудандарында жүзеге асырылады, – деп түсінік берді Ерлан Салықбаев.