Бәрі ағайымдай болса…

«Жемқорлық жоқ!» деп қанша ұрандатқанымызбен, іс жүзінде пара бермей, өз шаруаңызды бітіру мүмкін болмай қалды десем, менімен оқырман толық келісер. Соңғы уақыттары мемлекет тарапынан көптеген бағдарламалар әзірленіп, қоғамдық дерттің жолын кесу үшін шаралар қолданылып жатқанмен жемқорлық мәселесі толық шешілген жоқ. Ел арасында ол жайлы көптеген мысалдар мен нақты оқиғалар желдей есіп жүр. Мен де, өткенді еске алып  «Мен парақор емеспін!» деген біз ұстазым жайлы әңгімелеп берсем деймін.пара
Бұдан 10 жыл бұрын студент атанып, А.Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университетінің «филология» мамандығында оқып жүргенде, «философия» деген сабақ болушы еді. Сол кезде ауылдан келген балаларға бұл сабақты түсініп оқу оңайға соқпады. Есімде қалғаны, Қытай ойшылы Конфуций мен оның ұстанған бағыттары жайлы көп оқитынбыз. Қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы тобынан болғандықтан, топта кілең қыздар едік. Сондайда, мына Қытай ойшылының айтқан-жазғандары мыйға оңайлықпен қонбайтын. Уақыт өте келе осы пәннен алғаш рет емтихан тапсыратын болдық. Емтиханды Есбол Ғалымқазы Шәріпұлы бастаған комиссия алатын болды. Айтпақшы, ол кісі әлі де сол жерде сабақ беріп келеді. Комиссия құрамында универститеттің белді мұғалімі, әлеуметтану мен саясаттанудан білім берген Оралбай Құрманбайұлы да бар еді. Сынақ күні:
– Балалар, ештеңеден қорықпаңдар! Сұрақтардың барлығы өздерің оқыған кітаптарыңнан алынған, – деп комиссия мүшелері бізді емтиханан бұрын аудиторияға жинады.
Студенттер уайымдап, тыныштандыратын дәрілерін ішіп әлек. Мен де іштей қорқып тұрмын. Қыздар ақылдаса келіп, жоғарғы курстың кеңесін пайдаланып көруді шешті. Пенделер жаман нәрсеге тез сеннгіш-көнгіш келеміз емес пе? Айтулары бойынша, ортадан ақша жинайтын болды. Өйткені, емтиханға дайындалып жүргенде бізден жоғары оқитын студенттер: «Білімдеріңе сенбей-ақ қойыңдар. Бәрібір ақша төлемесеңдер, емтиханнан құлатады»,- демесі бар ма? Содан ақша берген студенттердің тізімін жазып, кім қандай баға алуды қалайтынын көрсетіп ақшаны конвертке салдық. «5» деген баға алатындар 5 мың, «4» қалайтындары 4 мың теңгесін берді. Не керек, тәуекелге бел буып топтың старостасы Сандуғаш Адаева есімді қызды қолына ақша салынған конвертті ұсынып, емтихан болатын аудиторияға күштеп кіргізіп жібердік. Сол кезде біз ойламаған сұмдық болды. Сандуғаштың көзі жасқа толып, аудиториядан шығып, бәрімізді шақыртып жатқанын хабарлады. Апыр-топыр ішке ендік. Қабағы қатулы Ғалымқазы ағайдың ашудан бұлыққан жүзіне қарауға дәтіміз жоқ. Ол кісі алдымен жаймен сөйлей бастады :
– Сендер мені кім деп ойлайсыңдар?! Маған пара беріп, жақсы баға алғыларың келеді екен ғой. Егер мен осы уақытқа дейін студенттерден ақша алып келсем, үстімдегі 20 жыл болған костюммен жүрер ме едім. Егер пара алып қатырсам, мына бәтеңкемді ай сайын жаматар ма едім. Кейде корпустар арасында жаяу жүруге тура келеді. Сонда такси шақыртсам болмай ма, бірақ, оған қаражат жоқ. Сол ақшаға тамақ сатып алмаймын ба? Сендер мені сонда кімге теңеп тұрсындар?! Ақшаларың көп болса, неге мұнда оқып жүрсіңдер. Университеттің табалдырығын тоздырып, бірден диплом сатып ала салмадыңдар ма?! Бұл қай сасқандарың?! – деп ақырып қоя берді.
Ақша жинаған конвертті ашып, ақшаны біздің бетімізге шашып жіберді де, бәрімізді аудиториядан қуып шықты. Содан не керек, араға 10-15 минут салып емтихан басталып кетті. Сол емтиханның менің өмірімде орны бөлек болды. Бәрі де анық есімде жатталып қалған. Өз күшімізбен емтиханды тапсырып шықтық. Мен бұл пәнді жақсы көрдім деп айта алмаймын. Бірақ, сұрақтардың бәріне жауап беріп «5» деген баға алып, дегеніме жеттім. Комиссия мүшелері билеттегі сұрақтан бөлек тағы бір сұрақ қойды:
– Сіз елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың жүргізіп отырған саясатына деген көзқарасыңыз қандай? Қазіргі таңда білім саласындағы жетістерге көңіліңіз тола ма? – демесі бар ма! Мен көп ойланбай не үшін бұл сұрақ қойылғанына аң-таң болып қолымнан келгенше жауап беруге тырыстым. Студенттердің бәрі емтиханнан кейін кімнің қандай баға алғанын білу мақсатында аудиторияға жиналды. Сонда философия пәнінің мұғалімі Ғалымқазы Шәріпұлы:
-Қазір ақша беріп жақсы баға алғандарыңмен ертең қолдарыңа диплом алып, ауыл-аудандандарға балаларға білім беріп, сабақ жүргізгенде бастарыңда түк болмаса, оқушыларға ақша беріп аузын жабасыңдар ма, әлде олардан ақша талап етесіңдер ме?! «Сен жанбасаң лапылдап, ол жанбаса лапылдап, мен жанбасам лапылдап, аспан қалай ашылмақ?!» Балалар оқыңдар! Пара берген адамның жұмысы ілгері баспайды, – деген сөздеріне іштей риза болдым.
Ал қазір өмірден біраз тәжірибе жинадық, есейдік, бәріміз жан-жаққа кеттік. Бірақ, бар адам баласы сол Ғалымқазы ағайдай болса ғой, шіркін! Жақында ғана баламды балалар бақшасына орналастыру үшін құжаттарды алып үйіміздің жанындағы бақшаға бардым. Меңгеруші орын жоқ екенін айтып, оның жолын шешу жолдарымен бөлісті:
– Балаңызды біз орналастырамыз бірақ, сіз ата-ана ретінде бізге қамқорлық жасаңыз. Бақшамыздың акт залында перде ескі, жаңасын алып беріңіздер. Бағасы қымбат емес әрі кетсе 30-40 мың теңге шамасы, – деді.orydie
Жолдасыммен ақылдасып, осы шартына көнбеске амал болмады. Содан уақыт өте келе меңгерушінің қалауы бойынша тапсырыс берген пердесі дайын болып, дүкеннен алып кетуге барғанда шалқамыздан құладық. Бағасы 115 мың дейді. Содан әлігі меңгерушіге хабарласып, мұндай қаражаттың бізде жоқтығын айтып түсіндірсем. Телефон артындағы ол:
-Уайымдамаңыз, қанша қаражатқа шамаңыз жетсе, соны төлесеңіз болды, қалғанын басқа ата-аналар береді ғой!- деп қысқа қайырды.
Қолымда барын беріп кете бардым. Мұндай ұсақ-түйек пара алу қазіргі таңда күнделікті тіршілікке айналғандығы қынжылтады. Осындайда «Ғалымқазы ағай болса ғой» деп ойланасың! Орта ғасырда швед елінде жемқорлық жасаған адамдарға сот төралығымен саусағын кесуге үкім шығарған екен. Егер біздің елде де осы тәжірибені қолданып көрсе, жемқорлық саны азаяр ма еді!
 
Дамира Қожахметова
Рудный қаласынан

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓