Әбдіғаппар хан рухына Құран бағыштады

 «Өр Торғай –  ерлік мекені» экспедициясының мүшелері  Әбдіғаппар ханның қаза болған жері  Қостанай облысы, Аманкелді ауданындағы Зәуре қопасына белгі қойды.20160915131321
«Бұл жер Әбдіғаппар ханның соңғы демі шыққан, қызыл әскердің атып кеткен жері. Өзінің өлетінін білген Әбдіғаппар хан жазалаушы әскер келген кезде, оларға мен өлетін жерге жеткен кезде намазымды оқиын, содан атыңдар деп ақырғы тілегін айтқан. Сол соңғы сәтте намаз оқып отырған кезде өмірден өткен екен дейді. Әбдіғаппар Жанбосынұлы Амангелді батыр, Кейкі батыр, тағы да басқа  мыңбасы батырлардың басын қосқан, бірлікте жауға қарсы шыққан көтерілістің  белді адамы болған. Сондықтан елдің белсенді азаматтары тарихи тұлғаның қаза болған жеріне келіп, тағзым етіп, құран бағыштап, белгі қойып жатыр. Болашақта үлкен ескерткіш те қойылып, ұрпақтары, елі өз аманатын орындайды деп сенем. Әбдіғапардың тағдыры да Амангелді, Кейкі батырлардың тағдырымен ұқсас. Халық азаттығы үшін, ел намысы жолында құрбан болған тұлғаны еске сақтауымыз, ұлағаттауымыз орынды деп білем», – дейді «Өр Торғай  – ерлік мекені» экспедициясын ұйымдастырушылардың бірі Мейрам Айдабол.
Әбдіғаппар Жанбосынұлы (1870-1919) қазақ халқының – 1916 -1917 жылдардағы ұлт-азаттық қозғалысының Торғай даласындағы басшысы. Тілеулі батырдың ұрпағы.  Арғы атасы Нияз би – Абылай ханның сенімді серігі, әкесі Жанбосын (1847 – 95) көп жылдар болыс болған. Анасы – Алуа Ақтасқызы (1840 – 1934) (Ақтас – Ахмет Байтұрсынұлының әкесінің ағасы).20160915131316
Әбдіғапар ауылында бастауыш мектеп ашқан. Ағаштан ою ойған шебер болған, суармалы егіншілікпен айналысқан, ақыл-парасатымен ел ағасы атанған. 1916 жылдың жазында Қараторғай болысының, кейін бүкіл Торғай уезінің көтерілісшілері Әбдіғапар маңына топтасты. Сол жылғы 21 қарашада Жалдама өзенінің бойында 13 болыс ел өкілдерінің құрылтайы Әбдіғапарды хан көтеріп, Кенесары қолбасшыларының бірі Иман батырдың немересі Амангелдіні Сардарбек етіп сайлады.20160915132555
Әбдіғапар көтерілісшілерді 20 адамнан тұратын халық өкілдерінің кеңесі арқылы басқарды. Бұл кеңес әскери, әкімшілік, шаруашылық мәселелерін шешетін басшы орталық болды. Жергілікті жерлерде Әбдіғапардың жарлығымен елбегілер сайланды. Көтерілісті жақтаған болыстар өз орындарында қалдырылды. Көтерілісшілер ежелгі шығыс дәстүрімен ондық, жүздік, мыңдықтарға жіктелді. Әбдіғапар жасақтаған әскери құрылым империяның қарулы күштеріне аса тегеурінді қарсылық көрсетті. Оның қоластына Қазақстанның көптеген аймақтарынан көтерілісшілер жасақтары келіп қосылды. Сөйтіп Торғай өлкесі Қазақстандағы 1916 жылғы ұлт-азаттық қозғалыстың ең ірі орталығына айналды. Әбдіғапар Кеңестердің Торғай облысы І-съезіне (Орынбор, 1918 ж. наурыз) қатысып, кейін Кеңес өкіметінің саясатын жүргізуден бас тартты. 1919 жылы Қызыләскерлер қолынан Зәуре қаласында қаза тапты. Ұрпақтары «хан тұқымы» ретінде аяусыз қуғынға ұшырады. 
 
Қазақпарат

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓