Ұлық мейрамдағы ұлттық ойындар
Құрбан айт мерекесіне орай аудан әкімінің мұрындық болуымен ұлттық спорт түрлерінен өңірлік турнир өтті. Балалар және жасөспірімдер спорт мектебі мен Сарыкөл орта мектебінде жалауын түрген жарысқа аудан және ауылдардың спортшылары қатысты.Ашылу сәтінде Аққозы қажы мешітінің наиб имамы Омар Закарин мен спорт бөлімінің басшысы Серік Мусиндер сөз сөйлеп, қатысушыларға сәттілік тіледі.Қазақ күресіне 1998 жылы туылғандар мен одан кішілер, ал , тоғызқұмалақ пен асық атуға 2001 жылғы және одан үлкендер қатысты.Нәтижесінде, қазақ күресінен соналылық Шәміл Қапышев абсолюттік чемпион атанды. Сондай-ақ, 1-орындарды Дінмұхаммед Қарамолдин (40 келі), Юрий Каримов (45 келі), Кирилл Кравцов (50 келі), Ертай Молдахметов (55 келі), Аңсар Муратов (60 келі), Бақтияр Жумаев (66 келі) бағындырды. Ал, тоғызқұмалақтан қыздар арасында I орынды Шынар Ахметкаримова (Сарыкөл ОМ), II орынды Анар Усипбаева (Сарыкөл ОМ), III орынды Анастасия Артемчук (Тәгіл ОМ) алды. Ал, ұлдар бойынша 1-орынды Әділжан Зайкенов (Сарыкөл ОМ), 2-орынды Наурыз Шынуар (Сарыкөл ОМ), 3-орынды Всеволод Мартыненко (Урицк ОМ) еншіледі. Сондай-ақ, асық ату бойынша 1-орынды Владимир Головков (Маяк а.), 2-орынды Александр Вейгель (Маяк а.), 3-орынды Бексұлтан Жаңатілек (Сарыкөл орта мектебі) өзара бөлісті. Бір айта кетерлігі, Бексұлтан бұл сайысқа бірінші рет қатысып отыр. Алайда, облыстық деңгейде бақ сынап жүрген сақа спортшылармен иық тірестіре өнер көрсетудің өзі неге тұрады?!Дәстүрлі турнирдің жеңімпаздары мен жүлдегерлері ұйымдастырушылар тарапынан мадақтама қағаздары және бағалы сыйлықтармен марапатталды.
Руслан ӘЛКЕЕВ.
Сарыкөл ауданы.