Қанатың талмасын, қыран құс
Қазақ үшін қыраннан артық құс жоқ-ау, сірә. «Қыран бүркіт – көк Тәңірінің елшісі, ол Күннен жаратылған, күннің еркесі, көктің иесі» деп көкке көтереміз. Мына суреттегі де қыран бүркіт. Әлі саруыз, тастүлек немесе қантүбіт шағы-ау деп болжадым. Бірақ орманынан айрылған, қанаты оның қайырылған, бейшара күйде. Тұғырында емес, қорада қамаулы. Аяғы сынған. «Құдай-ау, қыранды кім сонша қорлаған?» дерсіздер. Бұл – биылғы жазда Аманқарағай орманы өртенгенде қауырсынын өрт шарпып, аяғы сынып, жол бойында әрлі-берлі өткен көліктерге жанұшыра қарсы ұшқан, жанына, орманына, табиғатына көмек сұраған қыран құс. Қазіргі жағдайы – осы. Қазір бұл құс мамандардың қолында. Олар қыс бойы емдеп, өзінің еркін әлеміне қайта жібереміз деп отыр. Сол күнге жетейік, қыран да тар қапаста, қамауға шыдай алмай отырған сияқты. Қолға алғанды қыршып тістеп, көнгісі келмей мінезін көрсетеді.
"Қылыш тұмсық, қайқы төс,
Үңгір қабақ, қысық көз,
Не берсе де, табылмас,
Өзі қағып, өзі алар,
Ырыстыға болған кез", – деп баға берген қыран бүркітіміз бүгін осындай жағдайда. Қиындыққа тап болған қыранға қарап жүрегіміз езілді. Бірақ еркіндікті сүйетін, көк байраққа бейнесі таңбаланған қыран құстың әлі де көкте самғап, қанатын кеңге жаярына сенеміз. Қанатың сенің талмасын, қыран құс.
Айтолқын Айқадамова