Мектепке барар жол қайсы?..
Лисаков қаласындағы "Лисаковск онлайн" ақпараттық сайтына Елена есімді қала тұрғыны хат жолдаған. Қайырымды жандардан көмек сұрайды:
"Сәлеметсіздер ме?! Мен сіздерден жалғызбасты ананың атынан қайырым-көмек сұраймын, қарсы бола көрмеңіздер! Оқиға ауаны былай: қызы биыл 1-сыныпқа барды, әйткенмен 1-қыркүйектен бері бастауыш сыныпта оқитын ұл баласы мектепке келмеген. Біз ата-аналар комитеті есебінде оның мекенжайына мән-жайды білу үшін барған едік. Сөйтсек, ұл баланың мектепке не киіп барар киімі, не құрал-жабдықтары жоқ. Анасының тапқан-таянғаны ас-суына әрең жетеді, ал әкесі жоқ – отбасын тастап кеткен. Ана жалғыз өзі үш бала асырап отыр, барлығы да бастауыш сынып жасында.
Бәлкім, әлдекім зейін қояр, әлдекімде мұқтаж балаға берер басы артық киім-кешек, мектеп жабдықтары бар болар деген үміт бар. Толық болмаса да, ұлына керек-жарақтарын апарып бердім. Қалған балаларына да обал", – деп жазады.
Бұл хатқа байланысты айтылмыш сайт оқырмандары түрлі пікірлер қалдырған.
"Ол неге қалалық білім бөлімі арқылы "Мектепке жол" акциясына қатыспаған?" дейді Айгүл есімді оқырман. Оған хат авторы: "Сәлем. Өйткені акцияға қатысуға тиісті құжаттар жетіспейді (жалақы жөніндегі анықтама), одан "күйеуіңнен алимент талап ет" деген кеңес берілген. Ал отағасының өзі жұмыссыз, ішуден "қолы тимейді". Болды. Көпбалалылар қатарына да жатпайды", – деп жауап қайтарған. Пікірлер алаңын оқып отырсақ, көмектесуге ниет білдірген азаматтар да табылған.