Колледж бастамасы көпке үлгі

Қаламыздағы Қостанай қызмет көрсету саласының колледжі жаңа оқу жылында айрықша іс-шара бастады. Білім ұжымы жас ұрпақ саулығына ерекше назар аударып отыр. Ол жерге таңертемен ат басын бұра қалсаңыз, спорт саңлақтарымен жаттығу жасап жүрген жеткіншектерді көресіз. Өйткені, студенттер әр күні қаламыздың спортшыларымен бірге сабақ қоңырауы соғылмас бұрын далаға шығып бой сергітеді. Артынша олармен ой бөлісіп, қызықтырған сұрақтарына жауап алады. Бүгін колледжге қонаққа танымал қостанайлық конькишілер келді. Олар әлем және Азия чемпионы Денис Кузин мен халықаралық дәрежедегі спорт шебері Александр Жигин.    IMG_20160909_074031
Денис елімізге конькиден әлем чемпионатында алтын әперген алғашқы спортшы. Ал Александр небәрі 15 жасында ұлттық құрамамызға мүше болған Қазақстанның алты дүркін жеңімпазы. Екеуі де бұл жолды бала күндерінде таңдаған. Бүгінде ел намысын жаһандық аренада қорғап жүр. Олар жасөспірімдердің салауатты өмір салтын ұстанғандарын қалайды. Сәйкесінше бұндай шараларды қуаттауға әркез дайын. Қос мейман таңғы сағат 7:30-да жастармен бірлесе жаттығып алды. Онан соң колледж қауымымен бас қосып, жас өрендермен әңгіме өрбітті. Жиын барысында қонақтар келешекте тәжірибелерін жас буынға үйрететіндіктерін айтты. Елімізде қысқы спорт түрлерімен айналысатындар санының аздығына алаңдаулы екендерін білдірді. Бұл саланың қиындықтарына шыдамай, орта жолда тастап кетпеуге кеңес берді.IMG_20160909_084428
Осы тұрғыда студенттердің «Өміріңізде спортқа кері әсерін тигізген жарақаттар болды ма?» – деген сұрағына Денис:
– Күн сайын ертемен оянғанда өзіңе: «жетер енді, сен шаршадың!» – дейсің. Бірақ қандай да бір мақсаттар бар. Оларға жету керек. Өмірімде аса ауыр жарақаттар болды. Біз жаздыгүні велосипедпен жаттығамыз. Бір күні жылдамдығына 90 км/сағатта келе жатып құлап түстім. Тұтастай қолымды, бұғанамды сындырып алдым. Екі айдай ауруханада жаттым. Сол уақытта  спортпен мәңгілікке қоштасқан кезім болды. Бірақ бапкерім мені райымнан қайтарды. Емханадан шыққан соң, 4 айдан кейін әлем чемпионатында жеңіске жеттім. Мен ата-анасыз өстім. Әжемнің қолында тәрбиелендім. Жетістіктерім сол кісінің арқасы. Ол көшеде бос сенделіп жүріп, теріс жолға түсіп кетпегінімді қалады. Осы спорт түріне сол кісінің тілеуімен келдім. Басында қызық болмады. Алайда уақыт өте келе қажырлықты, іштей күресті қажет ететін іс екенін түсіндім, – деп жауап берді.  22
– Елбасы өз Жолдауында дені сау ұрпақ – ұлт болашағы екенін айтып отырады. Сондықтан мына сіздер бұқаралық спортты қолдауға тиіссіздер. Біз де қолдан келгенше оны насихаттаймыз. Бүгінгі жиын сынды шаралар өте жақсы үлгі болады, – деді А.Жигин. 
Шақырылған қонақтар шара соңында колледжге арнайы әкелген сыйлықтарын тарту етті.  Екінші тарап та спортшыларға білім алушылардың өз қолдарымен әзірлеген торттарын сыйлады. Бұл жаңа дәстүр әлі де жалғасын таппақ. Себебі, бұл – ұлт саулығын дәріптеудің ең дұрыс жолы.
 
С. Сәлімжанқызы
 

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓