Батыр ана көмекке зәру
«Алтын алқа» иегері Гүлжаухар Қасыкенова 7 баласымен Рудныйға сыймай жүр. Осыдан 10 жыл бұрын кеншілер қаласына көшіп келген көпбалалы жалғызбасты ана бүгінде бас сауғалап барар жері жоқ. 8 адамнан тұратын жанұяға ешкім пәтерін жалға бергісі келмейді. Бергеннің өзінде 1-2 айдан кейін пәтерді босатуын талап етеді. «Жеті баламмен далада қалатын болдым» деп шырылдаған ананың мұңын біз де тыңдап қайтқан едік.
Гүлжаухар Сұлтанбекқызы Торғайдың тумасы. Жасы 39-да. Ерте тұрмыс құрып, 2007 жылы Рудный қаласына қоныс аударған. Бірақ жас отбасының бұл қуанышы ұзаққа созылмайды. Отағасы Қуандық төсек тартып, ауыр сырқаттан көз жұмады. «Жығылғанның үстіне жұдырық» демекші, кейіпкеріміздің мұңы мұнымен таусылмады. 2014 жылы Ерасыл атты ұлын автобус қағып өлтіреді. Сот белгіленбеген жерде жолды кесіп өткен марқұмның өзін кінәлі деп танып, көлік жүргізушісін барлық әкімшілік және қылмыстық жауапкершіліктен босатады. Қайғыдан қан жұтқан анадан олар өтемақы төлеу түгел, кешірім де сұрамайды. Осылайша қаншама қасірет көрсе де, Гүлжаухар апайдың тауы шағылып, жігері жасыған жоқ. Қайта балаларының болашағы үшін өмірмен әрі қарай арпалысты. Пәтерден-пәтерге көшіп жүріп, 7 баласын жалғыз өзі өсіп жетілдірді.
Бүгінде баласының ең үлкені Мұса – Арқалықтағы пединституттың студенті. Қалғаны колледж бен мектептерде білім алып жатыр. Ал ең кішкентай Назымның жасы 2-ден енді ғана асты. Әншейінде 1-2 баланы көпсінетін кейбір отбасылар үшін 7 баланы бағып-қағу – ерлікпен тең екені сөзсіз.
– «Алтын алқаны» қосқанда 50 мың теңге көлемінде әлеуметтік жәрдемақы аламын. Оның 30-40 мыңы пәтерақы мен коммуналдық төлемдерге кетеді. Сондықтан өлместің күнін көріп отырмыз. Түсімдегі, өңімдегі басты арманым – баспана. Биліктен, жомарт азаматтардан кең сарайдай үй сұрамаймын. Арендалық 1 бөлмелік жатақхана болса да, ризамыз. Себебі бір жерден екінші жерге бала-шағамен көшіп жүру, көршілерімнің көп балаға ала көзбен қарауы жүйкемді шаршатты, – дейді ашынған ана.
Гүлжаухар апай қазір 429-шы болып тұрғын үй кезегінде тұр. Айтуынша, бірнеше рет пәтер сұрап әкімдікке барған. Бірақ та, нәтиже жоқ. «ҚР Мемлекеттік наградалары туралы» заңының 36-бабында ««Алтын алқа» иегерлері белгіленген нормалар бойынша тұрғын үй алаңымен бірінші кезекте қамтамасыз етіледі. Отбасы мүшелерімен бірге тұрғын жайды ұстап-күтуге, сондай-ақ коммуналдық қызметке шығыстарды төлеу үшін арнаулы мемлекеттік жәрдемақы төленеді» делінген. Бірақ биліктегілер баспана, бірінші кезекте, ҰОС ардагерлері мен жетімдер үйінің тәрбиеленушілеріне берілетіндігін алға тартады. Ал үй кезегінде тұрған жетім балалардың саны мыңнан асып жығылатын көрінеді.
Қазақ жетімін жылатпаған, жесірін қаңғытпаған ел емес пе? «Көп түкірсе, көл болады» демекші, алтыннан алқа таққан анаға мүмкіндігі бар азаматтар қол ұшын созады деген үміттеміз. Гүлжаухар Қасыкенованың байланыс телефоны: 8775 504 26 94, 8 (71431) 4-40-75. Отбасы кез келген көмекке зәру.
Қуаныш ЕСҚАБЫЛ,
Рудный қаласы.