Мұхамеджан Сералиннің латынша жазылған хикаясы табылды
Газет редакциясына кешегі «Коммунизм таңының» қоғамдық тілшісі Есет Көбеков ағамыз келді. Әдебиетке, жалпы ел тарихына қатысты бағалы мұраны тауып алған соң, ақпарды оқырмандарына жеткізуді ұйғарыпты. Мұнысы – Мұхаметжан Сералиннің атақты «Топжарған» хикаясының латын қарпімен жазылған нұсқасы.
Тұңғыш поэма төңірегінде
«Ағам Қаппас Көбеков қайтыс болғаннан кейін, оның архивін ақтарып отырғанда Мұхаметжан Сералиннің «Топжарғанын» тауып алдым. Бастапқыда оның Сералиннің шығармасы екенін білмедім. Түгелдей латын қарпімен жазылған. Ең соңындағы «Конец. Писал Николай 20.IV.49 г» деген автордың қолтаңбасы көзіме оттай басылды. Содан бері ізденуді қолға алдым», – деп бастады әңгімесін Есет Көбеков.
Алдымен, табылған құжаттарды «Меңдіқара үні» газетінің бұрынғы бас редакторы Мырзалы Оңайбаевқа көрсеткен. Көп ұзамай, бас редактордың өтінішімен Меңдақара ауданындағы бір ақсақал мұны кириллицаға аударады. Ендігі сұрақ: 1985 жылы М.Сералиннің «Топжарған» кітабын құрастырған белгілі жазушы, аудармашы Төкен Әбдірахманов поэманы қайдан алуы мүмкін?
«Осы сауалдың жауабын іздеп, аудандық архивтерді ақтардым. Түк таппадым. Туған ағам Қаппасты Николай деп атайтын. Ол кезде осы сипаттағы үрдіс белең алып тұрды ғой. Көптеген қазақи жер-су атауларының орысшаланып кеткені де осы уақыттар еді. Менің әкем Рүстем басқарма болып істепті. Сәбит Мұқановпен жақсы қарым-қатынаста араласыпты. Тіпті, 1965 жылы оқу бітірген соң мен Сәбеңнің үйіне бірнеше рет бардым. Ағам Қаппас поэманы осы Сәбит Мұқановтан жазып алуы мүмкін деген ой түйдім. Тағы бір себебі – біздің жақта ауыл ақсақалдары хикаяны жатқа айтатын. Бәлкім, Қаппас Көбеков естігендерін көшіріп жазған болар. Міне, осы нұсқа арқылы Төкен Әбдірахманов кітап құрастырған деп ойлаймын», – деп жалғады Есет Көбеков.
Жалпы, Мұхаметжан Сералин өмірбаянының қолжазба күйінде екі нұсқасы ғана сақталыпты. Біріншісін 1941 жылы үлкен баласы Сәлім, екінші нұсқасын 1947 жылы жерлесі Жұмаш Еленов жазған. Ал 1949 жылы оның тұңғыш шығармасын латын қарпінде бізге жеткізген – Қаппас Көбеков. Тағы бір басын ашып алар жәйт – «Топжарған» хикаясы 1898 жылы аяқталған. Оның қашан басталғаны белгісіз. Бір анығы – шығарма автордың Троицк қаласына келмей тұрып қағаз бетіне түсірілген. Түпнұсқа төте жазумен жазылуы мүмкін. Себебі, Төкен Әбдірахмановтың «Топжарған» кітабында поэманың мұқабасы келтірілген (153-бет).
«Кенесары бейнесі боямасыз көрінеді»
«Мұхаметжан Сералиннен қалған әдеби мұра қомақты болмағанымен, сапа жағынан салмақты» деп жазады ақын Бүркіт Ысқақов. Расында, «Топжарған» – қазақ әдебиетіндегі алғашқы реалистік поэма.
«Топжарған» тарихи шығармалар қатарына жатады. Поэмада ХІХ ғасырдың 30-40- жылдарындағы қазақ өмірі, Кенесары, Наурызбай бастаған қозғалыс бейнеленген. Негізгі кейіпкер – Кенесары. Автор оның қаталдығын, соңына ермеген елге жасаған сорақы істерін боямасыз суреттейді. Бастапқы екі тарауында оқырманды қылықтарына разы етіп, тамсандырып отырған маңғыстаулық жігіттің өзі туған ағасын атып өлтіріп, ел-жұртқа қарабет болып көрінеді. Алайда, бұл жігітті Кенесары өз панасына алған. Негізінен, поэма туралы бертінге дейін ала-құла әңгімелер айтылып келген. Содан М.Сералиннің мұрасы мен қоғамдық-саяси қызметіне байланысты зерттеулер жүргізудің қарқыны арта түсті. Тек М.Әуезов атындағы әдебиет және өнер институты даярлаған «Қазақ әдебиеті тарихы» атты еңбекте «Топжарған» хикаясы толықтай бағасын алды.
М.Сералин 1929 жылы жүрек ауруынан өз ауылында қайтыс болады. Ж.Еленовтің өз естелігінде былай жазылыпты:
«Мұхаметжанды соңғы рет 1929 жылы май айында көрдім. Ол былай деген еді: «Заманым келіп еді. Білімімді, қолдан келген қызметімді ел үшін жұмсайтын кезең туып еді. Бірақ, не қыласың, науқас айналдырды, басым айналады, көзім қарауытады, дәрмен жоқ. Төсекте жатсам да, төңіректегі еңбекшілерге бас-көз болып, әлі де шамам келгенше қызмет етудемін».
Иә, екі дәуірде бірдей халқына адал қызмет еткен сөз зергерінің әр туындысы – келер ұрпақ үшін баға жетпес мұра.
Қасқырбай ҚОЙШЫМАНОВ
Суреттерде: Белгілі суретші М.Алиннің қолымен салынған М.Сералин бейнесі (1985 жыл);
газет ардагері Есет Көбеков;
«Топжарған» хикаясының латын қарпімен жазылған нұсқасы;
поэманың алғашқы мұқабасы.