«Өр Торғай – ерлік мекені» экспедициясы жолға шығады

Биыл – мерейлі мереке, Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығы. Сондай-ақ, Торғайдағы ұлт-азаттық көтерілісіне жүз жыл. 
Тәуелсіздік – біздің ең басты құндылығымыз. Жүздеген жылдарға жалғасқан табанды күрес, мыңдаған жандардың қанымен келген құнды жеңіс. Азаттық жолындағы арпалыстардың ішінде 1916 жылғы Торғайдағы ұлт-азаттық көтерілістің алар орны ерекше екені даусыз. Осынау Ұлы Дала төсін дүбірлеткен ұлы тарихи оқиғаға бір ғасыр өтсе де, оның бар шындығы айтылып, әділ бағасы берілді деу қиын. Көтеріліске қатысты еңбектер мен зерттеу жұмыстары тек Кеңес үкіметінің көзімен жазылып келді. Соның салдарынан ұлт тарихына қиянат жасалып, шындық бұрмаланды, кей жағдайда оқиғалар теріс түсіндіріліп келді. Азаттық жолында арпалысып, халық үшін басын құрбан еткен ерлердің көбі ескерусіз қалды. Көтерілісшілер мен оның көсемдерінің еңбегін ескеріп, тәуелсіз елдің шынайы тарихы тұрғысынан лайықты бағасын беру – бүгінгі ұрпақтың абыройлы міндеті. Бабалар ерлігі назардан тыс қалмауы тиіс. торгай
Осы орайда, «Өр Торғай – ерлік мекені» экспедициясы жолға шыққалы отыр. Идея бастамашы әрі ұйымдастырушысы – «Тorgay expedition» тобының ынталылары. Әрине, топтың мақсаты тарихты қайта жазу, немесе жаңалық ашу емес, кешегі шайқас өткен орындарға барып тағзым ету. Кешегі елдік пен ерлік сынға түскен сындарлы сәтте, бабалардан жалғасқан жауынгерлік рухтың қанымыздан өшпегенін дәлелдеп, ту көтерген сардарға ерген сарбаздардың көзін көрген қарттар ел ішінде әлі де баршылық. Шежіре қариялармен кездесіп, бұрыннан бар мәліметтерді жаңғыртып, тың деректер жинау жоспарда. Экспедиция құрамында ғалымдар, өлкетанушылар, қоғам белсенділері, журналисттер мен блогерлер бар. 
Экспедиция қыркүйек айының 11-і күні Арқалық қаласынан аттанады. Аптаға созылатын сапар барысында екі мың шақырым жолды басып өтіп, тарихи маңызы зор отыздан астам нысанға соғып, әйгілі Дулығалы мешітінің басында жезқазғандық делегациямен жолығу жоспарланған. Сондай-ақ, Әбдіғапар ханның қаны төгілген Зәуре қопасы мен Кейкі туған Байтұмаға қонысына белгі қойылмақ. Және мұның бәрі ұлтжанды азаматтардың демеушілігімен жүзеге асып отырғанын айта кету керек. Бұл да ынталы топтың Тәуелсіздікке, төл тарихымызды тануға қосқан тамшыдай үлесі. 
Ұлттың ұлы перзенттерін тудырған текті Торғай тәрбие мен тағылымның қайнары, тарихтың терең көмбесі. Ұлы мекеннің танылмаған қырлары, ашылмаған сырлары жетерлік. Осы орайда, «Тorgay expedition» ынталылар тобы – Ұлы Даланың бір бөлшегі Торғай атырабын аралауды дәстүрге айналдырмақ ниетте.
 
Абылай Мауданов,
"24kz" арнасының тілшісі

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓