Айтбек Ахметбеков – “Сары күз…”

Айтбек Ахметбеков – Қостанай облысы Жанкелдин ауданының Сужарған ауылында 1974 жылы 24-желтоқсанда туған. Елге есімі белгісіз болса да, бір жинақтың жүгін көтерерлік жырлар жазған дарынды ақын. Бүгін сіздерге ағамыздың "Сары күз" атты өлеңін ұсынып отырмыз. Тыңдаңыз, бағасын беріңіз!

Сондай-ақ, Айтбектің ауылдас інісі, ақын, жорналшы Асылан Қанғожиннің рухани ағасына арнаған тамаша туындысын да оқи отырыңыздар:
 
АЙТБЕККЕ
Қара өлең қадірін білгенге,
Өзіңнің бар еді әлемің.
Өлеңге құмартып жүргенде,
Өзекке сепкенсің дәнегін.
 
Сыйластық, сырластық, шешілдік,
Ойларды қоздатып оңаша.
Әдебиет жайлы да көсілдік,
Әліміз жетпейтін көп аса.
 
Дайын ғой жайылар дерегің,
Мына ақын жазды деп ең бөлек.
Содан соң оқисың өлеңін
Беріліп, қос қолың сермелеп.
 
Сол сәтте көзіңде нұр шалқып,
Жайнатқан жүзіңді жыр неме.
Мен болсам, мұрнымды бір тартып,
Оқыған боламын бірдеңе.
 
Сәл мақтап қоясың сәтімен,
Қиялмен шарлатып қиырды.
Ол кезде бірінші ақын ең,
Қалғаны Айтбектен кейінгі.
 
Жатып ап жазатын жырыңды,
Тік тұрып оқыдық кештерде.
Ауылда сен қалдың (құр үлгі),
Жел айдап жұрт қала көшкенде.
 
Міне, енді жазуды доғардың,
Ащы су толтырып ұртыңа.
Көбірек ішетін боп алдың –
Мен саған тағатын бір кінә.
 
Қанекей, оралшы өлеңге,
Талапты қондырып тағына.
Сәтті сөз күтеміз сенен де,
Тәтті өлең тудыршы тағы да. 

You may also like...

2 Responses

  1. Ертай айтты:

    Айтбек кезінде Арғынның төбе биі атанған Шеген би туралы "Сәтпай салған қара жол" атты балладасын Жангелдин аудандық "Біздің Торғай" газетіне жариялаған болатын.Бұл шығарма тарихы тереңде жатқан тағылымды болған оқиғаның желісінен құрылған.Жалпы Айтбек табиғатынан дарынды ақын, әттең…

  2. Ерлан айтты:

    Көңілдің бір пернесін тыңқ еткізіп шертіп кетті)

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓