Көлік жолдан шығып кетті
Қашар-Рудный тас жолында жол көлік оқиғасы орын алды. Қостанай облыстық ІІД баспасөз қызметінің хабарлауынша, «Фольксваген» маркалы көлік Қашар кентінен Рудныйға жүріп бара жатып жолдан шығып кеткен. Көліктің рөлінде отырған 28 жасар азамат дін аман. Ал оның жолаушылары 1988 жылғы келіншек пен оның бір жасар қызы шұғыл ауруханаға жеткізілді.
Ақ халаттылардың айтуынша, зардап шеккендердің өміріне ешқандай қауіп жоқ. Алдын ала болжам бойынша, жол көлік оқиғасы жүргізушінің рөлге ие бола алмай қалғанынан болған. Бірақ оқиғаның нақты себебі жүргізілген арнайы сараптамалардан кейін белгілі болады.
Айта кетерлігі, ұзындығы 50 шақырымды құрайтын трассада осыдан тура екі жыл бұрын екі көлік соғысып, нәтижесінде үш адам қаза тауып, кішкентай сәби түрлі жарақаттармен аман қалған еді.
Қуаныш ЕСҚАБЫЛ