«Конституция – кемелдік кепілі»
Дәл осындай атаумен бүгін Сарыкөл аудандық мәдениет үйінде Ата Заң күніне арналған салтанатты жиын мен мерекелік концерт өтті.
-Конституция күні – біздің еліміз үшін маңызды мерекелердің бірі. Осыдан 21 жыл бұрын еліміздің негізгі Ата заңы қабылданды. Бүгінде Қазақстан дүниежүзілік аренаға танымал болып, әлемдік экономикалық жүйе ішінде лайықты орын алды. Мереке қарсаңында баршаңыздың дендеріңізге саулық, отбасыларыңызға амандық тілеймін, – деді өңір басшысы. Сондай-ақ, Эльдар Қонысбайұлы еңбектегі жетістіктері және ҚР Конституциясы күніне орай бір топ адамды грамотамен марапаттады.
Яғни, олардың қатарында: аудандық спорт бөлімінің ұстазы Әділжан Зайкенов, Маяк ауылдық клубының мәдени ұйымдастырушысы Ольга Мазунина, Веселоподол ауылдық округінің мал дәрігері Жұмаш Сақыржанов, Сорочин ауылдық округі әкімдігінің бас мамаын Минзипа Шайсұлтанова, жеке кәсіпкер Андрей Козлов, аудандық орталық ауруханасының медбикесі Любовь Диденко, аудан прокуратурасының іс жүргізу бойынша инспекторы Эльмира Жабаева және шаруа қожалығының басшысы Алмат Жантасовтар болды. Бұған қоса, аудан басшысы Сарыкөл орта мектебінің оқушысы Ілияс Нұрымбетовке кәмлет жасқа толғандығын растайтын жеке куәлік табыс етті.
Жалпы, мерейлі мерекеге арналған салтанатты шарадан соң көпшіліктің назарына концерттік бағдарлама ұсынылды. Яғни, өңір өнерпаздары өнер көрсетіп, көрермендерге көтеріңкі көңіл күй сыйлауға тырысты.
Руслан ӘЛКЕЕВ.
Сарыкөл ауданы.