Конституция күніне орай
Рудный қаласы әкімдігінің мәжіліс залында Конституция күніне орай алқалы жиын өтті. Оған мемлекеттік мекеме-ұйым қызметкерлері, ҮЕҰ мүшелері, құқық қорғау саласы мен бизнес өкілдері қатысты.
Алдымен жиналған қауымды қала әкімінің орынбасары Мақсұт Досболов құттықтап, еліміздегі адам құқығы мен азаматтар бостандығының басты құжаты туралы баяндады.
– Әркім Ата Заңды ардақтауды, ең алдымен, өзінен бастау керек. Іс-әрекетін конституциялық қағида мен нормаларға сай, заңдарды сақтап және құқықтық мемлекет құрып отырғанымызды әрдайым ескере отырып жасау қажет. Сол кезде ғана мемлекетіміз үлкен мақсаттарға жетеді, – деді ол.
Шара барысында қала прокурорының орынбасары Дамир Бейсембаев пен мәслихат депутаты Жомарт Құсайын да сөз алып, Конституцияның қоғам өміріндегі маңызы мен дамыған отыз елге кіру жолындағы рөлін айқындап берді. Жиын соңында қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан үлесі үшін қалалық мәслихат аппаратының жетекшісі Дана Калеева, арнайыландырылған әкімшілік соттың төрешісі Мүслима Молдағазина, қалалық прокуратураның аға прокуроры Арғын Раисов, қалалық сот төрешісі Елена Слободяник пен «ССКӨБ» АҚ Ақпараттық орталығының басшысы Арман Хасен қала әкімінің грамотасымен марапатталды.