Шын қуануды үйренші

АязбековЖұрт не дер екен деп, өз тұщымымызды ірке тұрып едік… Бірақ біз күткендей болмады. Дуалы ауыздар мен зиялы қауым үнсіз… Әлеуметтік  желілерде  жастарға ризамыз. Олар асыра айтса да,  жекіре айтса да жарасады, жастыққа тән максимализм.
"Кейкі  мергенді" көріп, бір серпіліп қалдық!  Қазақы топырақта туған вестерн. Бәрекелді, салмақты, рухты кино! Соңғы кезде қазақ телеэкрандарында қазақ сериалдары үсті-үстіне көрсетіліп жатыр. Меніңше, солардың сәттілерінен гөрі сәтсіздері  басым. Олардың ортақ  кемшілігі – қазақылық жоқ, тілі шұбар, шынайы күйініп-сүйіне алмайды, жасанды оқиғалар, т.с.
"Кейкі  мерген" қысқа мерзімде түсірілгеніне бола  асығыс, көктей өткен дүмбілез болар деп ойлаған ем, қателесіппін!  Мәнді-мағыналы телехикая екен!  Сериалдан   кескінді, сесті де сұсты  Кейкіні  көрдім.  Ұрдажық емес, одыраң батыр емес, хал-қарекеті елжанды оғлан. Актер Дархан Сүлейменов қазақтың сайын  даласындағы көкбөрінің  бір қырын ашып берді. Ол – елім деп иілмей өткен қайсарлық. "Тар заманымен" алаш арыстары бейнелерінің тамаша галереясын көркем  таспада түлеткен  режиссер  Мұрат Бидосовтың маңдай тері өкінішке қарай лайықты бағасын алған жоқ.  Бұл телехикаяда Мұрат Ахмет, Міржақып, Әліби, Әбдіғаппар, Амангелдіні бұрынғы стереотиптен гөрі дала қазақтарына тән болмыспен үйлестіруге ұмтылған. Тарихи  кезеңдер ахуалы олардың диалогтарымен  екшеліп  өрілген.  Жобаның бір ұтқаны да осы шұрайлы тілді мәнді  диалогтар.keiki-mergen-678x381Арқалықтағы осы  жобаның кеңесшісі  Шөптібай  Байділдин ағамызға сәтті картина хақында ризалық  пейілімізді айттық. "Кейкі  жуастау емес пе?" – деді Шөкең, жобаның сәтті шыққанына қуанып отыр екен. Меніңше, бүгінгі ұрпаққа жоғарыда айтқанымыздай ұлы даламыздың ойран батырынан гөрі ойлы батыры керек.
Ал енді сынаушыларға келсек, айтарымыз  –  бір ізге түспеген тарихи фактілердің ақиқатын көркем кинодан іздеу артық. Ел аузында, жазба деректерде бір Кейкінің ғана емес, фильмдегі алаш арыстарының тағдыр-талайының сан қилы версиясы бар.  Ендеше әлі күнге дейін дауы бітпеген өмір шындығын  көркем шындықтан талап ету – орынсыз.  Оның үстіне бұл  фильм енді қайтып түзелмейді, қайта  түсірілмейді. Олай болса, іске аспайтын сынның керегі не? Керісінше,  сериалдың эстетикалық көркемдік  тұщымын айтып, қазақы рухымызды бір серпілткеніне бәрекелді деп неге құттықтамасқа?! Тіпті, мектеп оқушыларына сабақтан тыс  осы сериалды көруді ұйымдастырса. Ал жалпы, көрмей қалған замандастар, "Қазақстан" ұлттық арнасының сайтын ашып қараңыздаршы, 16 сериясы да тізіліп тұр. Көріңіздер. Шынай қуануды үйренейікші!

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓