Сот ардагердің құқығын қорғады
Қостанай қалалық соты Қостанай қаласы әкімінің 94 жастағы қарияны мемлекеттік тұрғын үй қорынан баспана ұсынбай пәтерден шығару туралы шағымы бойынша азаматтық істі қарады.
Іс материалдары бойынша, 2015 жылы жауапкер мен әкімдік арасында келісім шарт жасалып, Герцен көшесінен 1 бөлмелі пәтер жалға берілген.Сот отырысы барысында анықталғандай, жауапкердің қызы 2016 жылдың наурыз айында әкесі науқастанып Астанада емделіп жатқанда, емделуге қаражат керек болғандықтан пәтерді екі ай мерзімге жалға берген. Алайда бұл туралы ардагер білмеген. Қазіргі уақытта Ұлы Отан соғысының ардагері сол пәтерде тұрып жатыр.
ҚР «Тұрғын үй қатынастары туралы» заңының 68-бабының 1 бөлігіне сәйкес, Ұлы Отан соғысының мүгедектері мен қатысушылары халықтың әлеуметтiк жағынан осал топтарына жатады.
Сот жауапкердің ұлғайған жасын, 1922 жылы туған, және оның Ұлы Отан соғысының қатысушысы екендігін ескерді. Сот шешімімен Қостанай қаласы әкімінің ардагерді үйден шығару туралы талап арызы қанағаттандырылмады.
Шешім заңды күшіне енген жоқ.
Қостанай облыстық сотының баспасөз қызметі.