Жеңіс эстафетасы жалғаса бермек
Алдағы жылы Ұлы Отан соғысының Жеңіспен аяқталғанына 70 жыл толмақ. Осы мерейлі күнді ұрпақ санасына сіңіріп, оларды патриоттық сезімге тәрбиелеу және соғыс ардагерлері мен тыл еңбеккерлерінің, сұм соғыста қаза тапқан жауынгерлеріміздің ерлік рухын паш ету мақсатында өңір басшысы Нұралы Садуақасовтың қолдауымен "Қостанай облысының Әскери Даңқ кітабы" эстафетасы Алтынсарин ауданынан бастау алғанын газетіміздің өткен сандарынан хабарлаған едік.
Енді осынау игі шара Қарасу ауданында жалғасын тапты.
Бұл салтанатты шараның облыс аумағында өтуіне тікелей мұрындық болған облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Жанділдә Мақанов, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Кенжебек Укин болатын. Аталмыш жоба өңіріміздің әр қала мен аудандарында өтіп, даңқ кітабы қолдан-қолға табысталып, соғыс ардагерлері және тыл еңбеккерлерінің естеліктері, пікірлері, тілектері жазылып, болашақ ұрпаққа мәңгілік қалдырылатын көрінеді.
Осындай игі ниетпен Қарасу ауданына табан тіреген делегация құрамын аудан әкімі Алмабек Шәмшиев қарсы алып, Жеңіс саябағына бастады. Ол жерде жауынгерлер рухына тағзым етіп, гүл шоғын қойып, аудандық тарихи-өлкетану мұражайына саяхат жасады. Содан кейін "Достық" мәдениет үйіне ат басын бұрды. Қонақтар мәдениет үйінің кіре берісінде ашық аспан астындағы театрландырылған көріністі тамашалады. Салтанатты шара одан әрі жалғасын тауып, делегация құрамы аудандық көркемөнерпаздардың өнеріне тәнті болды.
– Бұл игі мақсаттағы шара бұдан былай өңіріміздің басқа да қала мен аудандарында эстафеталы түрде жалғаса бермек. Біз қарасулықтар оған қолдау білдіреміз. Өңір басшысы Нұралы Садуақасовтың тікелей бастамасымен болып жатқан өнегелі іс болашақ ұрпақ үшін өтіп жатқаны бесенеден белгілі, – деді Алмабек Шәмшиев құттықтау сөзінде.
Содан кейін облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Кенжебек Укин сөз сөйлеп, аталмыш жобаның неліктен ұйымдастырылып жатқанына тоқталып, "Қостанай облысының әскери Даңқ кітабына" енген қарасулық ардагерлердің ерен ерлігін әңгімеледі. Әсіресе, соғысқа қатысқан ардагерлермен бірге Ұлы Жеңіс-ке өлшеусіз үлес қосқан тыл еңбеккерлері жайында да кеңінен баяндады.
– Осы жерде отырған барлықтарыңыз тыл еңбеккерлерінің де ерен ерлігін біле жүріңіздер,– деді Кенжебек Укин. – Тағылымды кітапта Әбдірахман Аңсабаевтың естелігі бар. Ол сұрапыл соғыс уақытында анасы Сара Ыбыраевамен бірге сонау Украина жеріне Таран ауданынан жаяу мал айдап апарған жан. 1944 жылдары жаздың шыжыған ыстығы мен қақаған қыстың қаһарына шыдап, төзіп 11 мың басқа жуық елден жиналған малды шашау шығармай майдан жауынгерлеріне жеткізген. Міне, Ерлік! Осы азаматтың естелігін оқып отырсаңыздар Сіздер тыл еңбеккерлерінің ерен ерлігін көресіздер! Украина жері жаудан азат етілсе де, жаудың құрған миналарынан, жарылғыш заттарынан өзін де, айдауына ерген мың-мыңдаған малды аман сақтау бұл – жанкешті Ерлік.
Осылай тебірене сөйлеген Кенжебек Укин жиналғандарға соғыс ардагерлерінің ғана емес, тыл еңбеккерлерінің қиямет тағдырын да тілге тиек етті және қарасулық соғыс ардагері Иван Карапыштың өмірін де әңгімеледі.
Қостанайдан келген делега-цияны басқарып және осы игі іске мұрындық болған облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Жанділдә Мақанов та бұл шараның бағыты мен мазмұнына кеңірек тоқталды. Келешек жастар үшін берері мол пайдасын да баяндады.
Сонымен келесі эстафета тізгінін Науырзым ауданынан келген қонақтар қабылдап алды. Олар да бұл тарихи шараны жиналған жұртқа қызуын суытпай осы деңгейде өткізетіндіктерін жеткізді.
Нұрболат Мешітбаев
Суретті түсірген Бағдат Ахметбеков