Облыстық спартакиада алауы жағылды

Қостанай облысының құрылғанына 80 жыл және Қостанай қаласының күніне арналған іс-шаралар басталып кетті. Мерекелік бағдарлама барысында орталық стадионда «Тың-Целина-2016» облыстық спартакиадасы салтанатты түрде ашылды. Оған өңір басшысы Архимед Мұхамбетов қатысып, спортшыларға сәттілік тіледі.
IMG_4820
Салтанатты іс-шара кешкі сағат сегізде басталды. Спорттық шеруді ұлттық киім киген салт атты қазақ жігіттері бастап шықты. Бұл топ елі үшін еміреніп өткен қайсар батырлардың образын сомдады. Кеш жүргізушілері Қара қыпшақ Қобыланды батырдың ерлігін елі ешқашан ұмытпайтынын атап өтті. Баһадүр бабаға биыл Қостанайдың төрінен ескерткіш ашылғаны белгілі. Шеруді спорт ардагерлері жалғастырды. Олардың арасында астықты аймақтан шыққан белгілі спортшылар, ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушылары бар. Аталмыш салада алғашқы қадамдарын бастаған жастар аға буынның соңынан ілесті. Осылайша орталық стадион алаңын айналып өтті. Спорттық шеруден соң облыс әкімі А.Мұхамбетов сөз сөйлеп, спартакиаданы ресми түрде ашық деп жариялады. Қостанай тұрғындары көк байраққа қарап бой түзеп, ҚР Әнұранын қосыла шырқады. Бұл кеште «Рио-2016» олимпидасы жүлдегерлерінің есімдері аталып, көрермендер қошемет білдірді.
IMG_4588
-Құрметті Қостанайлықтар, баршаңызды ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына және Қостанай облысының 80 жылдығына арналған «Тың-Целина-2016» облыстық спартакиадасының салтанатты ашылуымен шын жүректен құттықтайтын. Елбасы, Ұлт Көшбасшысы Н.Ә.Назарбаевтың салиқалы саясатының арқасында еліміздің экономикасы қарыштап дамып, халықтың әл-ауқаты жылдан-жылға артып келеді. Бүгінгі таңда елімізде шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуға, тұрғын үй салуға, білім, денсаулық сақтау, мәдениет, спорт нысандарын тұрғызуға ерекше назар аударылған. Біз, осы жетістіктердің бәрін тәуелсіздік деген ұғыммен байланыстырамыз. Дәстүрлі спартакиадаға топ жарған тарландар бас қосып отыр. Жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар шыққандар жеңіс тұғырынан орын алады. Ендеше, спартакиада қатысушыларына тартысты сайыс, әділ төрелік, толайым табыстар тілеймін,-деді облыс әкімі Архимед Мұхамбетов.
IMG_4968
Биылғы спартакиадаға екі мыңнан астам спортшы жиналды. Олар үш күн бойы спорттың он бес түрінен сынға түспек. Кіл жүйріктердің жарысы биыл 31-ші рет ұйымдастырылып отыр. Осылайша, дәстүрлі облыстық спартакиада жалауы желбіреп, сайыс символына айналған алау жағылды. Жарыстың бас төрешісі спартакиаданың ережеге сай әділ өтетіндігіне сөз беріп, ант етті.  
IMG_7323 IMG_7209 IMG_7284
Қымбат Досжанова.
Суреттерде: облыстық спартакиаданың салтанатты ашылу сәті
Суреттерді түсірген Бағдат АХМЕТБЕКОВ.  

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓