Саннан-сапаға!
Сарыкөл және Қарасу аудандары ежелден бірлігі жарасып, берекесі артқан өңірлер. Қоңсылас қонған қос ауданның да шаруашылығы мығым, істері оңға басқан. Екеуі де жайқалтып бітік егін өсіріп, мал басын көбейтуді ізгі мұраты санайды. Сондықтан, өзге өңірлер сияқты көршілес аудандардың экономикалық һәм әлеуметтік мәселелерді шешу ісі көкейге қонымды. Бұған кезекті рет облыс әкімі Архимед Мұхамбетовтің өзі көз жеткізді. Ел ішіндегі ілкімді шаралардың барысымен танысқан аймақ басшысы жергілікті атқарушы билікке тиісті тапсырмалар жүктеп, қолға алынған шаруалардың сапалы әлі мерзімінен кешіктірілмей ел игілігіне айналуы тиістігін ескертті. Күні кеше облыс әкімінің Сарыкөл ауданына жасаған сапары жайлы ақпарат берген болатынбыз. Бүгін өңір басшысының Қарасу ауданындағы іссапары туралы айтпақпыз…
Қарасу қағажу қалмайды
Қарасу – егістік көлемі жағынан республика бойынша екінші орында тұрған аудан. Мал шаруашылығына да ден қойған іргелі өңір. Облыста мал бордақылайтын ең ірі үш алаң болса, соның бірі осы ауданның еншісінде. Үш мың қара малға арналған кешен Жұмағұл ауылының іргесінде орналасқан. Мұнда асыл тұқымды қазақтың ақ бас сиыры мен Әулиекөл тұқымы өсіріледі. Жоба 2010 жылы пайдалануға берілген. Кәсіпорын директоры Талғат Малаевтың айтуынша, дәл осы мал бордақылау алаңында күтімге алынған ірі қара қосымша салмақ қосып, әбден семіртілгеннен кейін «Қарасу – етке» өткізіледі. Соңғы жылдары шаруашылық экспорт көлемін ұлғайтуды жоспарлап отыр. Еттің дені Ресейге тасымалданады. Әзірге, кейбір кедергілерге байланысты өнім экспорттау 20 %-ке төмендеп кеткен. Бірақ, бұл шектеулер уақытша дейді мамандар.
-Біздің шаруашылық ет өткізумен қатар, асылтұқымды тайыншаларды сатумен айналысады. Биылдың өзінде 940 қара мал саттық. Сұраныс жақсы. Халыққа жұмыс тауып беріп отырғандықтан, жұмыстың ырғақты қалпынан жаңылғымыз келмейді. Осылайша еңбек өнімділігін арттырып отырмыз. Сенесіз бе, осыншама үлкен мал бордақылау алаңында бар болғаны 11-ақ адам жұмыс істейді. Керісінше, олардың айлық орташа табысы 120 мың теңге,- дейді кәсіпорын басшысы.
Мал бордақылау алаңыңа бас сұққан облыс басшысы мамандармен пікірлесті.
Бұдан соң «Қараман және К» ЖШС-іне қарасты егін алқабын аралап, сол жерде қарасулық диқандармен жүздесті. Биыл Қарасуда егін бітік шықты. Бидай белуардан келеді. Көрген көз тояды. Тек, күн мейірін төксе, енді бір он күнде егінге орақ түсуі ғажап емес. Өңір шаруалары күзгі жиын-терімге тастұйнақтай дайын отыр. Техника сайлы, көңіл жайлы.
Облыс әкімі шаруалардың мұң-мұқтажына құлақ асқысы келген, бірақ, диқандар ешқандай артық-ауыс мәселе жоқтығын көлденең тартты. Тек, науқандық жұмыстарға қажетті жанар-жағар май бағасының қымбаттығын еске салған. Бұл сұраққа әкім былай деп жауап қатты:
-Мемлекет барынша қол ұшын беріп отыр. Бар кілтипан жердің ара қашықтығында жатыр. Мәселен, орталықтан бөлінген жанар-жағар майдың қажетті жеріне жеткенше тасымалдау бағасы өзгереді. Бұл нарық заңы. Әйтпесе, Үкімет шаруаларға тиісті көмек беруден бас тартқан емес.
Тағы бір мәселе, облыста егін орағына 11 мың техника қатыстырылады. Оның үш мыңы ескі техника. Сондықтан, техника паркін әлсін-әлсін жаңартып отырудың пайдасы орасан. Қостанайдағы «Агромашхолдинг» зауыты үстіміздегі жылы 500 комбайнды сатуға шығармақ. Соны қайткен күнде өз облысымызда қалдыру қажет. Бағасы да шаруалар үшін қол жетімді. А.Мұхамбетов қарасулық диқандарға осындай ұсыныс жасады. Қалай болғанда да, отандық өнімнің егін жинау қуаты зор. Тіпті, КСРО кезінде де мұндай мүмкіндік болмаған. Қазіргі уақыт жаңашылдықты қажетсінеді. Оған шаруалардың шамасы толығымен жетеді.
Тоқетері, күзгі дала жұмыстарын мезгілінде бастап, дер шағында аяқтау уақыт күттірмейтін міндет. Облыс әкімі осыдан екі жыл бұрынғы жағдайды еске салды. Рас, ол жылы солтүстіктегі біраз астық мерзімінде жиналмай қалып, қар астында қалғанды. Былтырғы көрініс жұрттың көз алдында. Биыл енді егін шығымы жоғары, шүкір, астық мол болғалы тұр. Бірақ, әр шаруа «қолын мезгілінен кеш сермемеуі тиіс». Ел ырыздығы еш ысырапсыз қамбаға құйылуы керек. Жұрттың күткені де осы.
Әлібек ЫБЫРАЙ