Жалған мұғалім қолға түсті

Жоғары білім алып, белгілі бір маман иесі атану – кез келген азаматтың арманы. Сол арманның орындалуына кейде мына нарық заманы мен жүрдек пойыздай жүйткіген уақыт ағымы ырық бермей, кедергі келтіреді де тұрады. Алайда, адамнан айла артылған ба?! Ебін тапқандар еселеп, жолын тапқандар желкелеп жүріп, әйтеуір, бір қызметтің құлағын ұстауға тырысып бағуда. Бірақ сол қызметке біреулер бар өмірін сарп етіп, адал еңбекпен қол жеткізсе, енді біреулер «ауырдың астымен, жеңілдің үстімен» өтіп, тез жеткісі келеді.
Мәселен, жуырда Рудный қаласының прокуратурасы білім мекемелеріне тексеріс жүргізді. Оның нәтижесі бойынша бір орта мектепте 3 мұғалім жылдар бойы жалған дипломмен жұмыс істеп келгендігі анықталды. Бүгінде сотқа дейінгі тексеру нәтижесі бойынша дипломды қолдан жасау фактілері расталды. Бірақ қылмыстық істер қылмыстық жауапкершілікке тарту мерзімінің өтуіне байланысты ақтау үкімі бойынша тоқтатылды.
Бұдан бөлек қалалық білім бөлімінің басшысына негізсіз төленген 2,3 млн. теңге қаражатты бюджетке өндіріп алу бойынша ұсыныс жіберілді.
Өкінішке орай, соңғы кезде жалған дипломмен жұмыс жасау деректері Қостанай облысында жиі кездесетін болды. Пенделікке салынған кейбір азаматтар кез келген заңға қайшы әрекет ертелі-кеш жазаланатынын ұмытып кетеді. Сот алдына келгенде бармақ тістеп өкінгенше, заң талабына сай, жүзің ашық, еркін әрекет еткенге не жетсін?!
 
Қуаныш ЕСҚАБЫЛ,
Рудный қаласы.

You may also like...

1 Response

  1. Дарxан Әбдуаxит айтты:

    Қатырады ей! Айдың-кұннің аманында####

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓