Үміттің үкісі қисайған жоқ
Төрткүл дүние көз тіккен доданың алғашқы күні қазақстандықтар үшін жеміссіз болған жоқ. Үкілеп қосқан қос шеберіміз дзюдо күресінде өздерінің марапат тұғырына көтерілуге лайықты екенін дәлелдеп берді. Бірі – қоланы қоржынға салған Галбадрах Отгонцецег, екіншісі – алтынға әбден лайық деп саналған алаштың алтын ұлы, күміс жүлде иегері Елдос Сметов.
Алайда, әзірге, өзге де спорт түрлері оң жамбасқа келмеді. Мәселен, үстел теннисінен бағын сынап көрген Кирилл Герасименко іріктеу айналымында-ақ сүрінді. Велоспорт та ыңғайымызға бағынған жоқ. Андрей Зейц сегіздіктен көрінді. Бахтияр Қожатаев 61-орында қалды. Дүйім қарсылас қалтырайтын қазақстандық ауыр атлеттер де жарысты сәтсіз бастады. Әйелдер арасынан Маргарита Елисеева үздік бестікті ғана қорытындылады. Жүзуден жартылай финалға өткен Дмитрий Баландин жағалау мәресіне сегізінші болып жетті. Ал бүкіл салмақтың лицензиясын жеңіп алған боксшылар командасынан Берік Абрахманов ә дегеннен шығып қалды.
Алғашқы күні жалпы есепте оныншы орынға тұрақтаған оғыландарымыз келесі күнді еш табыссыз аяқтап, 14-ші тұғырға жайғасты. Алайда жеңісті күндер алда екеніне сеніміміз зор!