Бидай – бітік, орақ – сайлы, ел – үмітті

Облыс әкімінің бірінші орынбасары Ғауез Нұрмұхамедов Қарабалық ауданында өткен «Алқап күні» іс-шарасына қатысты. Соңғы жылдары Қостанай облысында тұрақты түрде ұйымдастырылып келе жатқан бұл жобаның пайдасы зор дейді көпшілік. Әдеттегідей егін жинау маусымы қарсаңында мамандардың басын қосып, жағдайды бағамдау керек. Сондай-ақ, ауылшаруашылық саласының мамандары аймақтағы астық төңірегінде әңгіме өрбітіп, өзара тәжірибе алмасады.
 
IMG_2105
 
Кәсіпкерлерден бөлек, Қарабалықпен іргелес жатқан бес ауданның әкімдері мен ауыл шаруашылық бөлімінің басшылары да келді. Жұмыс барысында қонақтар егін алқаптарын аралап, алдағы орақ маусымына дайындықтарын бір пысықтап алды. Биыл қауыз толып, бидай бітік шығуда. Асықпай алтын түске боялып келе жатқан кең дала көрінісі көңіл қуантарлық. Диқандардың пайымдауынша, алдағы он-он бес күнде егінге орақ салуға болады. Танаптарды аралап болған соң Ғауез Торсанұлы Научное ауылындағы «Қарабалық ауыл шаруашылығы тәжірибе станциясы» ЖШС-не ат шалдырды. Мұнда арпа-бидайдың түрлі сорттарынан дән себіліп, тәжірибе алаңы жасалған. Негізгі мақсат – дәнді дақылдарға түскен дертті анықтап, сауықтыру жолдарын қарастыру. «Айна», «Фантазия», «Бірлестік», Бостандық» сияқты өнім түрлеріне үнемі бақылау жүргізіліп отырады. Өсімдіктерді қорғау институтының Қостанай облысындағы филиалының директоры Айгүл Тоқтарбекқызының айтуынша, бұл өңірдегі алқаптарға айтарлықтай зардап тиген. Мысалы, тәжірибе алаңында белгілі болғандай, өнімнің жартысына  тот түскен болса, жартысына жуығы септериоз ауруына шалдыққан. Дер уақытында алдын алмаса, жел соғып, шаң-тозаң көтерлісімен келесі бөлігіне ауыса береді. Алайда, облыс әкімінің бірінші орынбасары бұл мәселе шешімін табатынына уәде етті. Бүгінгі жиынның мақсаты да сол. Өңірдегі белді деген диқаншылардың басын қосып, қордаланған мәселелерді бірлесіп шешу. Бұл басқосуға 37-ші, 38-ші рет орақ маусымын өткізгелі отырған тіс қаққан шаруалар қатысқанын айта кету керек.
IMG_2087
Ғ. Нұрмұхамедов астыққа төніп тұрған ауруға қарсы ем-домдарды шығаратын «Август» компаниясының базасына аялдады. Өсімдіктерді дертінен айықтыруға септігін тигізетін түрлі химиялық қоспалардан дәрі-дәрмек жасап, ТМД елдерінде үлкен сұранысқа ие болған айтулы ұжымның жұмысы ауыз толтырып айтарлықтай. Сонымен қатар, бұлар – пестицидтерді Ресейде алғаш болып жасаған компания. Қазақстанда табысты еңбек етіп жүрген ұйым тек Қостанай облысында ғана емес, басқа да аймақтарда қызмет көрсетеді. Ғауез Торсанұлы мамандарға алдағы уақытта жоғарыда айтылған кедергілермен күресу керек екенін жеткізді. Тәжірибе алаңында тек қана арпа-бидай емес, күнбағыс, жүгері сияқты дақылдар да қатар өсуде. Соның бәріне зерттеу жүргізіп, алқаптан сапалы, мол өнім алу үшін жергілікті билік пен кәсіпкерлер күш біріктіруі қажет.   IMG_2084   
Қарабалық ауданының әкімі Қанат Ғабдуллин іс-шара соңында орақ маусымы мол өнім береді деп болжайтынын айтты. Алдағы уақытта аудан бойынша науқанға 429 комбайн жұмылдырылмақ. Бұл жылы былтырғы межеден кем түспей, шығымды шығынсыз жиып алуға диқандар тастай бекініп отыр. Ғауез Нұрмұхамедов тамыз айының ортасында облыс әкімі Архимед Мұхамбетовтің алқапқа өзі келетінін жеткізді.
 
Кенже ҚОНЫСБАЙ
 

You may also like...

1 Response

  1. Қолқоюсыз айтты:

    Орыс газеттерінен бұрын жазыпсың! Жарайсың!)

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓