Сақтансаң, сақтайды
Соңғы кездері жан түршігерлік жол-көлік оқиғалары жиілеп кетті. Бұған себеп іздей бастағанда сала мамандары жүргізушілердің қатты жылдамдықпен жүйткитінін айтса, көлік жүргізушілері жолдардың сапасыздығын алға тартады. Бұл жерде біреуді ақ, біреуді қара деп шешім шығаруға болмайды. Өйткені, апаттың айтып келмейтінін ескерсек, жолдың сапалы еместігін білген әр жүргізуші өзінің және жолаушылардың қауіпсіздігін сақтау мақсатында жылдамдықты баяулатып жүргені дұрыс.Жасыратыны жоқ, бүгінде үлкен трассаларға қарағанда, қалалы жерде қауіп басым. Бұған тәртіп сақшылары келтірген сандар дәлел. Оған сенсек, Қазақстанда көліктің қатысумен болатын 10 апаттың 7-еуі осы қалаларға тиесілі екен. Мәселен, Рудный қаласында жыл басынан бері 360-қа тарта жол-көлік оқиғасы тіркеліп, салдарынан 5 адам көз жұмған. Жергілікті полиция қызметінің басшысы Мақсат Ойықбайдың айтуынша, тұрғындар қарапайым ғана жол қозғалысы ережелерін сақтамағандықтан, оның арты қайғылы жағдайларға әкеп соғуда. Мәселен, жуырда ғана 50 лет Октября мен Ленин көшелерінің қиылысында, бағдаршамның жасыл түсіне жолды кесіп өтпекші болған жас ананы 4 жасар баласымен қосып такси көлігі қағып кетті. Қазір екеуі де миы шайқалып, көптеген жарақаттармен ауруханада жатыр.
– «Сақтансаң, сақтайды» демекші, тұрғындар мәселе жол-көлік ережелеріне келгенде салғырттық танытпай, әр қадамын жеті ет өлшеп, бір рет кескені абзал. Себебі кішкентай ғана қателік, сіздің және айналаңыздағы адамдардың өміріне зор қауіп келтіретінін ұмытпайық, – дейді Мақсат Әзімбекұлы.
Биыл рудныйлық тәртіп сақшылары қайғылы статистиканы азайту мақсатында ай сайын түрлі тақырыптарда жедел алдын алу шараларын ұйымдастырып, ақпараттық буклеттер таратуды мықтап қолға алды. Себебі қолдан келер іс – ескерту ғана. Қалғаны – темір тұлпарды тізгіндеген жүргізушінің қолында.
Қуаныш ЕСҚАБЫЛ