Күре жолдың күрмеуі шешілмек
Алдағы бір жылдың ішінде Рудный тұрғындарының көкейінде жүрген жол мәселесі өз шешімін табатын болды. Атап айтсақ, Рудный-Горняцкий және Рудный-Денисовка-Қарабұтақ бағытындағы ойдым-ойдым жолдар қалпына келтірілмек.
Алдымен, ұзындығы 8 шақырымды құрайтын Рудный-Горняцкий бағытына тоқталсақ. 1600-дай тұрғыны бар елді мекеннің тыныс-тіршілігі Рудныймен тікелей байланысты. Себебі күн сайын жүздеген адам қалаға қарай және одан да көбі ауылда орналасқан Сарыбай кеніші мен кен алыбының басқа да бөлімшелеріне жұмысқа қатынайды. Ал екі арадағы жолға асфальттың орнына қиыршық тастар төселгендіктен, әрі-бері тынымсыз қатынаған көліктерден айнала шаң-тозаңға оранады. Әсіресе, жаңбыр жауған күндері көлікті батпаққа былғамай өту – қиямет іс.
Жуырда Қостанай облыстық маслихатының депутаттары бюджетті қайта қарау нәтижесінде кеншілер қаласындағы жолдарды жөндеуге қосымша 250 миллион теңге бөлетін болды. Оның 100 миллионы 50 лет Октября көшесіндегі жаңғырту жұмыстарын жалғастыруға бағытталса, 150 миллионы Горняцкий кентіне дейінгі жолға орташа жөндеу жүргізуге жұмсалмақ. Осылайша, тұрғындардың көпкен күткен тілегі орындалмақ.
Енді жоғарыда айтқан Рудный-Денисовка-Қарабұтақ тас жолына оралсақ. Республикалық маңызы бар бұл аралық Ресей мен Орталық Азия арасындағы көліктік дәліз болып есептеледі. Бірақ та, жолдың бүгінгі жағдайы тым мүшкіл. Әсіресе, биылғы қыстан кейін Тобыл кенті мен Лисаков қаласына дейінгі бөлігі кез келген көліктің күл-паршасын шығарады. Сөзіміз дәлелді болуы үшін Рудныйдан Лисаковқа қатынайтын такси жүргізушісін әңгімеге тартқан болатынбыз.
-Рудныйдан Тобылға дейінгі 45 шақырымға жарты сағатты, ал одан кейінгі 15-ақ шақырымға тағы да жарты сағатымды жұмсаймын. Қай жерде жылдамдықты асырып, қай жерде жай қозғалу керектігін жаттап алғанмын. Бірақ та, жыл сайын жолдың жағдайы төмендеп бара жатқаны қалтамызды қағуда. Себебі көлік үнемі істен шығып жатады. Бала-шағаны асырау үшін оны жөндеу мәселесін кейінге қалдыруға болмайды. Қазір жолдың кейбір шұрық-тесік жерлері бітеліп жатыр. Асфальт толығымен жаңартылады дегенді естігеніме жарты жыл болды. Тезірек жөндеу жұмыстары басталса екен, – дейді кеншілер қаласының тұрғыны Мейрамбек Досов.
Рудный-Денисовка-Қарабұтақ бағытындағы тас жол Қостанай облысы әкімдігі мен «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы арасындағы меморандумға сәйкес жөнделмек. Ұзындығы 154 шақырымдық жолдың құны 46 млрд теңге. Бүгінде жолды толық жаңартуға арналған техникалық-экономикалық негіздеме дайын. Бұл құжат жыл соңына дейін тиісті мекемелерден мақұлданса, келесі жылдан бастап жөндеу жұмыстары басталады.
«ҚазАвтоЖол» компаниясы облыстық филиалының директоры Андрей Горваттың айтуынша, жоба бойынша Тобыл кентінің темір жол стансасына барар жолын да қайта қалпына келтіріп, оны әрі қарай трассаға қосып жіберу жоспарда бар. Ол үшін 1,9 млрд теңге қарастырылған.
Кез келген өңірдің дамуын сапалы жол инфрақұрылымынсыз елестету мүмкін емес. Президент айтқандай, жолдар – Қазақстан өмірінің желісі. Сондықтан аталған жобалар жүзеге асса, халықтың әл-ауқаты жақсарып, облыстың инвестициялық тартымдылығы арта түсетіні сөзсіз.
Қуаныш ЕСҚАБЫЛ,
Рудный қаласы.