Нұркен МӘЗБАЕВ: «ФУТБОЛ – ТҰЛҒА ТАЛҒАМЫН ҚАЛЫПТАСТЫРУШЫ»
Қостанайдың «Тобылы» алтынға аяқ басқанға дейін де жеті жыл қатарынан қанжығасына жүлде салып келді. Ал соңғы жылдардағы премьер-лигадағы сүреңсiз ойындарына «тойған» кей жанкүйерлер екінші алтылықтағы «атаққа» қанағат деп отыр. Демеске лаж жоқ. «Қаз орнына – қарға, қап орнына – дорба жүрген» нарық жылдарының өзінде «Тобыл» тұралаған емес. Клубтың «қалтасы» жұқа деп айта алмайсыз. Осы тұста қостанайлық футболсүйер қауым бір-ақ сұраққа жауап алғысы келеді: «Тобыл» топтан озатын күн қашан?
Аға редакторым Айбек Кәдірұлымен футбол туралы жиі қаузаймыз. Жиі айтылатын тақырып та «Тобылдың» қазіргі қалпы. Айекең осыдан он-он бес жыл бұрынғы қостанайлықтардың (мықты) құрамын айтып тамсанады. Сол кездегі жас пері Жұмасқалиев пен тәжірибесі толысқан Мәзбаев, қырағы қақпашы Шанталосов пен сұрмерген Бақаев, тасқамал қорғаушылар Димитров пен Лотов… Тізім жалғаса береді осылай.
Әр саланың артықшылығы мен кемшілігін соның талап-тілектеріне жауап бере алатын білікті мамандардан сұраған дұрыс. Ендеше ойыншы ретінде озық шыққан бүгінгі ұлттық құраманың аға бапкері Нұркен Мәзбаевтың айтары аз емес.
Шебер шабуылшыдан білікті бапкерге дейін…
– Бапкердің шыққан биігі шәкіртімен бағалы. Футбол «әліппесін» үйреткен алғашқы тәлімгер кім еді? Нұркенді жіті тани бермейтіндер үшін бұл да қызық.
– Күллі әлемге әйгілі аяқ-допшылардың өмірбаянына үңілсеңіз, көбісінің қазіргі кәсібі аула футболынан басталғаны жазылған. Біз де жасыл алаңға бірден топ ете қалған жоқпыз. Барлық қарадомалақтар сияқты топырақ үстінде тоңқалаң басып доп қуалап, солай күнді өткіздік. Тоғыз жасқа дейін атамның қолында өстім. Біздің жас кезімізде ауылдық жерде спорт мықты дамыды. Қыста баскетбол мен шаңғы, жазда күрес пен футбол жарыстары жиі өткізіліп тұратын. Менің таңдауым футболға түсті. Жамбыл облысына қарайтын Байзақ ауданында Сарыкемер деген ауылда тудым. Он жасымда спорт мектебіне жазылдым. Алексей Пай есімді бапкер тәлім берді. Негізі бір бапкер футболшының толықтай талантын аша алмайды. А.Пайдың әдіс-техникасы мықты-тын. Еңбекқор. Әуелі, допты тоқтату түрлерін көрсетті. Бір ғана жаттығуды, айталық, жылдамдығы қатты пасты өз ырқыма бағындыру үшін бір-екі күн уақытымды кетіретінмін. Біздің ауыл Тараз қаласынан он үш шақырым қашықтықта орналасқан. Сондықтан жарыстарға жиі қатысып тұрдық. Сегізінші сыныпта қалалық турнирде үздік атандым, содан соң спорт мектебіне оқуға шақырды. Мен сияқты бозбаланың бағына білікті бапкер Христофор Каскениди жолықты. Бұл маман футболдың қыр-сырын әрі қарай үйретіп, шеберлікті жетілдіре түсті. Шабуылға жақын жартылай қорғаушы едім, оң жақ қапталға жіберді. Сынағысы келген шығар. Осы кезден бастап шәкірт пен ұстаздың арасында жылы қарым-қатынас орнады. Ортақ мақсат жеңістерге жетеледі. Осылайша, 1991 жылы «Химик» командасының бапкері Ваит Талғаевтың көзіне түсіп, Қазақстан чемпионатына қадам бастым.
– Футболшы мансабын аяқтаған соң бапкерлік қызметті атқардыңыз. Теңбіл допты түзу тебер қазақ жастарының шығатына әлі де сенім мол. Жасөспірімдер футболының халі қалай?
– Анау жоқ, мынау керек деп қайғыра берудiң қажетi шамалы. Айтсақ, дәлелмен айту керек. Қазақ спортын құрдымға түсіретін осы «жоғымыз». 2015 жылға дейін Жамбыл облыстық футбол федерациясының вице-президенті қызметінде болдым. Сіз бен бізді алаңдатқан мәселелер туралы көп зерттедік. Расын айту керек, қазақ футболының қалтарыс тұстарына ойыншы кезімде мән берген жоқпын, оны кейін бапкер болған соң ғана түсіндім. Футболды тәрбие құралы ретінде қарау керек екен. Бұл туралы менен гөрі әлдеқайда қанық білетін Бауыржан Сәрсекенов, Сәрсен Келжанов сияқты ағаларымыз анық, түсінікті тілмен көрсетіп берген. Содан біз Жамбыл облысында ауыл футболын дамытуды мақсат еттік. Арнайы комиссия құрып, ауылдарға бардық. Іріктедік. Қазір солардың көбі футбол орталықтарында, кейбірі біріншіліктерде тәп-тәуір доп теуіп жүр. Бір жағынан футбол арқылы ауыл баласының мәдениетін де көтеруге болатынын білдік. Себебі, облыстық, республикалық турнирлерге қатысып, қала көреді, өзін еркін ұстауға үйренеді. Спортта осындай ұсақ-түйектер үлкен рөл атқарады. «Тараз» клубының қосалқы құрамына білгенімді үйреттім. Жалпы, 12-13 жасынан бастап аяқ-допшының қай шепке ыңғайлы екені белгілі бола бастайды ғой. Бапкері соны көре білсе, бағындырар белесі де бар деген сөз. Бұл әлемдік тәжірибеде дәлелденген. Тараз түлеткен тағы бір талант Еркебұлан Сейдахметтің биылғы өткен Гранаткин турниріндегі ойындарын көрдіңіз бе? Оны мұрты енді тебіндеп келе жатқан кезінен танимын. Екі-үш қорғаушыдан оңай өтіп кете алады. Міне, қазақ футболының көсегесін көтертетін жастар – осылар. Мен қазіргі жасөспірімдер құрамасынан көп үміт күтемін.
– Сіздіңше, жекелей қасиетке ие, яғни, түрлі айла-тәсілдерді меңгерген футболшының көмегімен жетістіктерге жетуге болады. Бұл командалық ойынға кері әсерін тигізбей ме?
– Футбол бір орында тоқтап тұрмайды. Даму кезеңдері бар. Қазіргі таңда барлық командалар жүйелі түрде қорғанысты жақсы меңгерген. Қорғанысты бұзып өту үшін керемет пас беру я болмаса ойыншының жеке шеберлігіне арқа сүйеу қажет. Біріншісі қиынырақ, көп жағдайда іске аса бермейді. Ал қарсыласты бірге бір алдап өткен соң кеңістікке жол ашылады, ары қарай ойлануға мүмкіндік аласың ғой. Еуропадағы футболдың бір кереметі допты ұршықша иіретін ойыншылардың шеберлігінде жатқан болар. Сондықтан шәкірттерге атақты Зидан мен Роналдиньоның әдістерін ойында қолданыңдар деген талап қоямыз. Нәтиже жаман емес. Өзіміздің Бауыржан Исламхан, Серікжан Мұжықов, Ұлан Қонысбаевтар дриблингті нашар меңгермеген.
– Ұлттық құраманың тізгінін қаққаныңызға көп болған жоқ. Елдің бірінші командасында футболшылардың жекелей дайындығы қалай іске асып жатыр?
– Футболы дамыған көп елдер алаңдағы әр шептің принциптерін түсініп алған. Соған ыңғайлап, түрлі амалдарға көшеді. Мысалы, оң аяқпен жақсы тебетін футболшыны сол жақ қапталға қояды. Қажет болған жағдайда шабуылға немесе қапталдағы қорғаушы шебіне жібереді. Қорықпай, тәуекелге бару керек. Мықты бапкер жекелей дайындаудан қашпайды. Иә, уақыт көп кетеді. Ойын бағдарламасы қажет. Қысқасы, жүйкеңді жұқартуға тура келеді. Әр футболшымен аптасына бір рет болса да жекелей дайындық жоспарын жасау жүргізу керек. Сонда ғана өрлеу болады. Ұлттық құраманың дайындығы кезінде үлгірмей жатсақ, ойыншылардың электронды пошталарына қателіктерін жазып жібереміз. Жіберген олқылықтардың орнын толтыру үшін ақпараттар айтамыз. Бапкерсіз, өз еркіңмен дайындалу да артық етпейді. Сапа қайталау арқылы шығады. Жалпақ тілге салсақ, футболшының бәрі Месси емес. Қателіктер жіберіп, оны түзету арқылы доп қуған еңбектiң өнбегiн көруге болады.
– Шебер шабуылшыға қойылар талап қандай?
– Әуелі, алаңды көре білу. Содан соң ойыннан тыс қалмау үшін қорғаушының «тасасында» жүріп, оның тосқауылынан түрлі амалдар арқылы сытылып шығу бар. Ал шабуылды аяқтау, қақпаға тура соққы бағыттау – шабуылшының негізгі міндеті.
– Қақпашыны қалай іріктейсіздер?
– «Қақпашы жарты команданы құрайды». Бұл – бұрыннан белгілі қағида. Кешегі Ордабаев ағамыз бар, одан қалды, Новиков пен Лориядан қалған ұлттық құраманың «қолғабын» киюге лайықтылар бар. Басқа шептерге қарағанда қақпашыға қойылатын талап жоғары. Оған атақты Гвардиоланың «қақпашы аяқпен де ойнауы тиіс, ол қорғаушыдан кем теппеуі керек» деген ұстанымын қосыңыз. Жақында өзі жас, жылдамдығымен ерекше Устименко деген балаға «көзім түсті». Қақпа күзететін жігіттер әр уақытта да керек. Іздей береміз.
– Әсіресе, соңғы жылдары ғана болу керек, үлкен футболдағы қозғаушы жартылай қорғаушыларға жоғары мән беріліп отыр. Келісесіз бе?
– Жиі пайдаланылатын 4-4-2 немесе 4-3-3 жүйелерінде қозғаушы жартылай қорғаушының рөлі айқын көрінеді. Оның негізгі міндеті қорғану ғана емес, сондай-ақ, шабуылға дем беру. Міне, сондықтан да физикалық түрде мығым, ойлау қабілеті жоғары футболшылар алаңның қақ ортасына қойылады. Кейде алаңға екі тіреуші жартылай қорғаушы бірдей жіберіледі. Тиісінше, бірі қорғаушыларға көмектессе, екіншісі шабуыл өтіне жақын жүреді. Ең бастысы, ойын барысында өзіңе жүктелген міндеттен ауытқып кетпеу ғой. Себебі, қарымта шабуыл кезінде «қозғаушының» қателігі бірден көрінеді. Бізде осы тұста ойнайтын Исламбек Қуат есімді ініміз бар. Бақыласаңыз, ол қорғаныс пен шабуылды байланыстыруға тырысады.
«Ұлттық құрама футболшы дайындамайды»
– Жаңа ғасырға аяқ басқан уақытты алайықшы. Сөз жоқ, футбол ғана емес, бірнеше спорт саласында түйткілді мәселелер жетерлік еді. Осы күні үлкен футболда мына проблема шешуін тапты деп нық айта аласыз ба?
– Рас, тек футбол емес, күллі спорттың олқы тұстары бар. Өзіміздің ұлттық спорт ойындарын дамытуды ұмытпаған жөн. Барлығы бір онжылдықта дамып кете алмайды. Тағы да айтамын, мен көп нәрсені бапкерлікке келген кезде түсіндім. Футболдың дамуы, бұқаралық сипат алуы елдің дамуымен қатар жүреді. Қазақстан төрт жылдан соң орда бұзар жасқа толады. Мысалы, өз басым 26 жасымда бұрындары жіберген қателіктерімнен қорытынды шығаруға тырыстым. Болашаққа үмітпен қарадым. Футбол да сол сияқты деп есептеймін. Осал жеріміз, жетпей жатқан тұстар көп-тін. Шүкір, бұрын соңды болмаған жаңа заманғы технологияларға қол жеткізіп жатырмыз. Клубтардың базасында футбол орталықтары ашылды. Кәсіби клубтардың ішкі «асханасына» нағыз футбол мамандары тартылып жатыр. Стратегиялық жолмен қарағанда футболға көп жылғы бағдарлама керек. Сонда ғана жеңісті, жемісті жолдарды жалғай аламыз.
– Ал бүгінгі қазақ футболындағы өзіңіз алаңдайтын мәселе қайсы?
– Кәсіби футбол клубтарындағы менеджменттің дұрыс жолға қойылмауы. Әрине, елдегі жетекші клубтар мұның байыбына барып, жоспарларын бекітіп қойды. Мынаны білу керек: ұлттық құраманың штабы футболшыны дайындамайды. Аяқ-допшы өзінің клубында шынығады. Ал біз, бапкерлер, мемлекеттің абыройын қорғауға лайықтыларды жинаймыз. Солардың басын қосып, жарысқа шығарамыз. Сондықтан ұлттық команданың даму тетігі осы менеджментте жатқан секілді.
– Нұркен Қалдыбекұлы, осы футболдың философиясы дегенді түсіндіріп беріңізші.
– Негізі, клубтың философиясы деген кең ауқымдағы түсінік. Осы түсінікке толық жауап бере алатын клуб бар болса, ол – «Барселона» ғана. Олардың философиясы – жастарды жан-жақты тәрбиелеу. Бір ойында кем дегенде елу-алпыс пайыз допқа иелік ету, қысқа және орта пастар арқылы шабуыл өрбіту, сақ қорғану үшін қарсыластың айып алаңында доппен жүру, міне, философия – осы. Бұдан барып әдемі ойын үлгісі деген шығады. «Барселона» осы ойын өрнегінен ауытқымайды. Футболдағы басты тетіктердің бірі – он бір ойыншының бірін-бірі түсінуі. Шабуыл шебінде жүргендердің ойы бір жерге біріксе, гол да тез соғылады.
– Сізге мынадай сұрақ қойып көрейінші: зауқайыр әлгі «Барселонаның» он бір ойыншысының бесеуі кетсе, сіз айтқан ойын философиясы өзгере ме?
– Жоқ. Клубтың ішкі саясаты команданың философиясын өзгерте алмайды. Тағы бір мысал келтірейін, қазір олардың Андреас Иньеста секілді көзірі басқа клубқа ауысты делік. Ал олар дәл сол Иньеста сияқты ойыншыны дайындап қойған. Себебі, ізбасар футболшыны дайындау «Барселонада» қалыптасқан үрдіс. Басқа клубтарда дәл сондай ойын философиясы сақталған деп айта алмаймын. Бапкердің философиясы деген басқа әңгіме.
– Мықты бапкер мықты клубқа келіп, оны құртып алып жатады. Жеңілістен жеңіліске қарай құлдыратады. Футбол тарихын бір кісідей білетін адамдар мұндай жағдайдың сирек болмағанын айтады.
– Әйгілі Лобановскийдің кітабында былай жазылған: «Әр бапкер футболды басқаша түсінеді, ойын мәнерін әрқилы көреді». Түсінікті болсын, бес аспазға бірдей палау жасау тапсырмасы берілсін. Күріші, еті, сәбізі, тұзы бірдей мөлшерде бірдей қазанға салынып, бірдей отқа қойылды. Нәтижесінде бес палаудың дәмі бес түрлі шығады. Бұл – жоғарыда айтқан бапкердің философиясы. Сондықтан да мықты бапкер әлеуеті жоғары команданы ылғи сол деңгейде ұстап тұра береді деу асылық болар.
– Кез келген спортта болсын, ішінара бұра тартулар, қателіктер, күтпеген сәтсіздіктер болмай қалмайды. Бірақ, онсыз бәсеке өтпейді. Осындай бір тұстарда намысқа қамшы басамын деп, артық кетіп, ойын үстінде «шекісіп» қалып жататын інілеріңізге қандай кеңес бересіз?
– Мұндайды ер адамға тән қызуқандылық деп түсіну керек. Қызбалық кез келген қазақ жігітінің бойында бар. Футболдың өзіндік ережесін білеміз. Соған бағынамыз. Әлгіндей жағдайларда өзіңнің ішкі «меніңді» жеңіп, мықтылығыңды ойыныңмен көрсетсең, қарсыласыңа үлкен соққы бұл. Мен бірыңғай шабуылда ойнадым. Көп таяқ жейтін де біз. Басқаларға қарағанда шабуылшылардың жақсы қаражат табатыны осыдан ғой. Қорғаушы бір-екі рет аяқтан тепсе, «сынып» қалуға болмайды. Мықты бапкер бір жағынан жақсы психолог бола білсе, осыны миға құяды. Ал басқаша «кек алу» – футболдағы ең керексіз нәрсе.
Рухың күшті, намысқой болмасаң, спорттан бүгін-ақ кете беруіңе болады. Рухты жақсы жаққа пайдалану және бар. Футболда үлкен нәтижеге жететін де – намысты дұрыс пайдалана білгендер.
– Мынаған таңғаламын: Еуропаның белді командаларында дейік, пәлен жыл қосалқы құрамда отырып, түрлі клубтық атақтарды жиып алған ойыншылар бар. Ақшасы төленіп жатыр, бірақ, бір айда бір рет алаңға шықса сол…
– Бапкердің философиясына қажет ойыншы құр қалмайды. Негізгі құрамның футболшысын үнемі алмастырып отыратын біреу керек. Кәсіби деңгейі биік аяқ-допшы түбі өзін көрсетеді. Ойнаймын деген талпынысы құрымаса, сол клубтың қосалқы құрамында «отыра» беретіндер көп қой. Ал ондайдан қысылып, басқа командаға ауысып кететіндерді көріп жүрміз.
«Бапкер төлқұжатқа қарамайды»
– Рас, сіз «Тобылға» келмей тұрып-ақ, білікті мамандардың сынынан өткен, бұқараға танымал шабуылшы едіңіз. Өзіңіз сүйреген қостанайлық клубтың еурокубоктардағы сапары бір кітапқа сыятын әңгіме. Қостанайдан кеткеніңізге де он бес жыл толыпты. Алайда, Мәзбаевтың «Тобылдан» не үшін кеткені әлі күнге дейін «жабулы қазанда».
– Басынан бастайын. Мен «Тобылға» орда бұзар жаста келдім. Клубтың басшысы Халимжан Ержанов ағалық ақылын аямады. Бас бапкер Владимир Мұқанов мықты ұжым жасақтады. Сол жылы менімен «Таразда» ойнаған Азамат Ниязымбетов те келді. Бір жағынан, Қостанайда өзімді басқа қырымнан көрсеттім. Одан сайын ширай түстім. «Тобылдың» чемпионаттағы сәтті қадамы біз келген жылы басталды деп нық сеніммен айта аламын. Біз «қола» жүлде әкелген 2002-2003 жылғы футбол маусымын жанкүйер қауым ешқашан ұмытпайды деп ойлаймын. Өйткені, клуб қазақ футболының тарихына енді. 2002 жылы мен команда капитаны болдым. Бірақ, келесі жылы командалық кеңесте оны Нұрбол Жұмасқалиевке тапсырдым. Нұрбол ініміздің командасын өрге сүйрер алатын шебер екені әр ойын сайын көрініп жүрді. Осы жылы Интертото кубогы аясында Еуропаның бірнеше «ортанқол» командаларына өзімізді таныттық қой. Міне, қызығы көп Қостанайдағы керемет күндер жалғасып жатты…
Сол уақытта «Тобылдан» не себепті кеттім деген сұрақтың жауабын өзім де нақты айта алмас едім. Әйтеуір, ойын алдындағы жаттығуларда бас бапкер Мұқановпен бір келіспеушіліктер болып қалды. Дәл не екенін айтпай-ақ қояйын. Негізі бұл жерде бапкердің кінәсі жоқ. Бірақ, онымен арамыз күннен-күнге алыстап бара жатқанын сездім. Маған бұрынғыдай қарамады. Қысқасы, ойымыз бір жерден шыға бермеді. Бір күні не себепті ара қатынасымыздың өзгеріп бара жатқанын сұрап, алдына бардым. «Жаттығуыңды жасай бер. Бәрі жақсы» деді. Дегенмен, сол түні ұйықтай алмай шықтым. Жүрегім басқаны айтады. Чемпионаттың бітуіне алты-ақ тур қалды. Бас бапкердің алдына тағы бардым. Өзімді жайсыз сезініп жүрмін деп, клубтан кететіндігімді айттым. Мұқанов: «Я не против»,- деді. Басқа ештеңе демеді. Себебін кейін, бапкер болған соң түсіндім. Бәлкім, ол кісінің орнында болсам мен де солай дер ме едім.
Ойланып отырсам, сол кезде сабырлық танытуым қажет еді. Асығыс шешім қабылдадым деп түсіндім. Пенде болған соң жаңылыспай тұрмайсың. Өмірдің өзі қателіктерден тұрады. Ең бастысы, соны қайталамау керек. Мен өткен іске ешқашан өкінбеймін, тек содан сабақ аламын. 2004 жылы Таразға оралып ҚР кубогын ұтып алдым. Алла осыған келтіріп тұрған шығар деп ойлаймын.
– Қостанайда бірге ойнаған футболшылармен араласып тұрасыз ба?
– Әрине! Масленов, Котов, Мұқанов сияқты жігіттермен байланыс бар.
– Сіздің жағдайға қарағанда Нұрбол Жұмасқалиевтің командадан кеткені түсініктірек секілді…
– Жұмасқалиевтің қазақ футболына сіңірген еңбегі өте зор. Оған қоса өзінің мінезі, адамгершілік қасиетімен талай жастарға үлгі болып жүр. Әрине, оның командадан кету-кетпеуі басшыларға байланысты болды ғой. Жоғарыда айтқан бапкердің философиясына келмеген де шығар. Бар білетінім – бапкер ешқашан төлқұжатқа қарамайды. Керек ойыншысын алады. Кәсіби футболшы болғандықтан өзіңе-өзің сұрақ қойғаның дұрыс. Сен командаға керексің бе? Әркім өзінің шамасының қай тұсқа дейін жететінін біледі. Мәселен, мен 2007 жылы 36 жасымда мансабымды аяқтадым. Ары қарай келісім-шарт ұсынғандар болды, бірақ бас тарттым. 35 жаста 30-дағыдай ойнай алмауың мүмкін. Алайда, мол тәжірибесі арқылы жас футболшыларға кеңес беріп, құрамаға пайдасын келтіріп жүргендерді білеміз. Бұл енді түрлі жағдайларға байланысты. Сол себепті Нұрбол өзі мансабын жалғастырғысы келген екен, тек қана сәттілік тілейміз. Оның қазақ футболына берері әлі де бар деп сенемін.
Ой-отауда сұхбаттасқан Қасқырбай Қойшыманов
Суреттерді түсірген Айжан Құрмашева