“АУЫЛЫМНЫҢ ЖОЛЫ ЖӨНДЕЛСЕ ЕКЕН” (“Каток” мінген қыздың арманы)

Редакциядан: Үрпектегі жол мәселесінің көтерілуіне «Қостанай таңы» газетінің тілшісі Қымбат Досжанның әлеуметтік желілерде жариялаған мына бір суреті мен бір ауыз сөзі түрткі болғанын айта кеткен жөн. Жол жөндеу көлігін тізгіндеген аты аталған ауылдың тумасы керемет түс көргенін, сол түсінде ауылдағы ата-анасына теп-тегіс, жазық асфальт жолменен жүйткіп бара жатқанын жазады. Көргенінің барлығының түс екеніне қынжылған қарындасымыз «ауылға барар жолға қашан көңіл бөлінер екен?» деген сауал тастайды.13661910_557030694421886_1806398975912969776_o «Facebook» әлеуметтік желісінде жарияланған жазбаны жақтағандар да, даттағандар да болды… Мәселе, мұнда емес! Мәселе, осы төңіректе туындаған пікірталасқа көз жүгіртіп, елді-мекенде жолдан өзге де келеңсіздіктердің  барын білдік.   Ауылдықтардың мұңын тыңдау мақсатында, Торғай төсінде іссапармен жүрген тілшіміз Кенже Қонысбайға қосымша тапсырма беріп, арнайы Үрпек ауылына аттандыруға тура келді. Расымен де, ауылының жағдайына алаңдаулы әкімнің де,  әлеуметтік желілерге жолай қоймайтын ақсақалдардың да байланыс, жол, өзге де мәселелерге қатысты айтары бар болып шықты.

Кенже ҚОНЫСБАЙ

Бүгіндері облыс орталығынан алыс аудандарға жету мұң боп тұр. Одан қалды, әр ауданға қарасты ауыл-аймақтарға бару тым қиын. Бәріне кедергі – жөнді жолдың болмауы. Осындай проблеманың зиянын шалғайдағы барлық елді мекен көріп отырғаны белгілі. Айта берсе, мәселе әр ауылда бар. Солардың бірі – Аманкелді ауданына қарасты Үрпек ауылы. Аудан орталығынан 14 шақырым жерде жатқан ауыл тұрғындары екі арадағы жолды билік өкілдері қалыпқа келтірсе екен дейді. Көктемде ағын су бұзып өткен жол үлкен сай болып, жаңбыр жауыса кішкене көлшік бола қалады. Қыста қар астында қалып, апанға айналады. Екі арадағы көлік қатынасы кейде осындай себептермен үзіліп жатады.IMG_1992Осы ауылда туып-өскен Жаңбырбай ақсақал ес білгелі бұл жолда жөндеу жұмыстарының жүргізілгенін көрмедім дейді. Тек қиыршық тастар төсеп, ретке келтіретін, биыл сол жұмыстарға да зар болғанын айтады.
-Орталықтан алыс емеспіз, арасы 14 шақырым ғана. Соның өзінде іргедегі Аманкелдіге жету қиындық туғызады. Алдымен, сырқат жандар үшін алаңдаулымыз. Толассыз жаңбыр жауса, мына жолың мидай езіліп, ешбір көлік қатынай алмай қалады. Үйдегі келіндерімізді тосыннан толғақ қысса қайтеміз? Құдайым бетін әрі қылсын, басқа да оқыс оқиға болса, көмек жетпей қала ма деп қорқамын. Ел аман тұрғанда мемлекеттен қолдау болып, осы жолымыз жөнделесе екен,-дейді Жаңбырбай Тәшкеев.IMG_2011Жоғарыда айтылған тұрғынның өкпесіне ауыл әкімі Ғалымжан Жақыбаев та қосылады. Екі ауыл арасын байланыстыратын автокөлік саны жетерлік, алайда, жеткізбейтін сол нашар жол ғана.
-Үрпек жұртының айтар назы орынды. Қиыршық таспен жамаудан басқа мүкіншілік жоқ. Қатердің алдын алып, сақтанған жөн. Ауыл әкімі ретінде осындағы барлық адамның қауіпсіздігіне алаңмын. Құдайға шүкір, бүгінгі таңда екі автобус, сонымен қатар жеке таксилер де қатынайды. Тас жол салмасақ та, жолымыз қысы-жазы ашық болса екен дейміз,-дейді ауыл әкімі.IMG_2015Аудан орталығымен көршілес жатқан аядай ғана ауылдың мұңы ауыр. Байқасаңыз, мың жарым тұрғыны бар елді мекеннің бір сәтте ғана қатынассыз қалуы мүмкін. Кез келген жайсыз ауа райы Үрпек жұртының жүрегіне үрей туғызады.
Ал, аудан әкімінің орынбасары Малшыбай Қаласовтың айтуынша, алдағы уақытта Аманкелді-Үрпек жолы жөнделетін болады. Алайда, толығымен емес, тек қарғын су үзген бөлік қайта жалғанады.
-Бұл жол Кеңес үкіметі тұсында да жөндеу көрмеген. Ал, біз талай рет облыста да осы аралықты жөндеу туралы мәселе көтерген болатынбыз. Ең алдымен, жоба қажет, ал, аудан бюджеті оны көтермейді. Жолға бөлінетін жылдық қаржы – 40 млн.теңге. Ол аудан бойынша 30 елді мекендегі жолды ұстап тұруға жұмсалады. Расында да көктем кезінде Үрпек ауылында жол қатынасы қиындай түседі. Айтулы аралық күрделі жөндеу жұмыстарын қажет етеді. Ол үшін бір шақырымға 100 млн.теңге қаржы жұмсалады. Қазіргі таңда ондай қаржы табу мүмкін болмай тұр. Облыста бұл мәселе қозғалды. Нақты қашан екенін білмейміз, бірақ, жоғарыдан көмек келуі тиіс. Биыл өз күшімізбен сол жолдағы су жырған жерді қалыпқа келтіруге уәде етеміз. Біз ағымдағы жөндеу жұмыстары, яғни ой-шұңқырларды бітеу, сосын қыс кезінде әр ауылға жол ашып, қар тазалауды ғана қамтамасыз ете аламыз,-дейді М. Қаласов.
Биліктің назары осы ауылға түсіп, сиқы қашқан жол қалыпқа келсе екен дейміз. Бұл жол арқылы бергісі Қарашатөбе, арғысы Қабырға ауылына да өтеді. Үш бірдей елді мекеннің көзі ашылып, бір жасап қалар еді.
          
  Суреттерді түсірген автор.

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓