Шабындыққа шалғы түсті
Қостанайлық шаруалар қысқы жем-шөп әзірлеу жұмыстарына о баста білек сыбана кіріскенімен, күні бүгінге дейін өңірде межеленген мал азығының тек 54%-ы ғана еңсерілді. Әрине, соңғы күндері толассыз нөсер шөп шабушыларға кедергі келтірмей қоймады. Олай дейтініміз, өткен жылы осы уақытта мал азығының 85%-ы әзірленген-тұғын. Әзірге әлсін-әлсін жауған жаңбыр шаруалардың қолын байлап тұр. Мәселен, шілде айында облыс бойынша шабындыққа орта есеппен 43 мм ылғал түскен.Әсіресе, кейінгі жиырма күннің ішінде кейбір өңірлерде бұл көрсеткіштің шамадан асып кеткендігі байқалады – Қостанай ауданында 61 мм, Меңдіқара ауданында 48 мм, Алтынсарин ауданында 59 мм, Сарыкөл ауданында 53 мм. Ылғалы мол шабындыққа орақ салу мүмкін емес. Дегенмен, қалыпты жағдай туса, шөпшілер қайтадан іске кіріспек. Облыстық ауылшаруашылық басқармасы берген мәліметтерге қарағанда ең көп мал азығын әзірлеген аудандардың көшін Әулиекөл бастап тұр. Оларда 60% мал азығы дайындалған. Жанкелдинде – 54%, Аманкелді ауданында бұл көрсеткіш 58%-ға тең. Науырзым, Қамысты, Меңдіқара аудандарындағы жағдай да көңілге медеу. Ал, ала жаздай жаңбырдан көз аша алмай отырған Федоров, Денисов, Ұзынкөл аудандарында шөп шабу барысы баяу.Бүгінгі таңда барлығы 1 128 000 гектардың шөбі шабылып, 762 мың тонна пішен әзірленген. Оның 728 мың тоннасы қыстақ бастарына тасылып алынды. Таран, Денисов және Қамысты аудандарының шаруалары пішендеме дайындауды енді бастады.
Әлібек ЫБЫРАЙ.
Суреттерді түсірген Бағдат АХМЕТБЕКОВ.