Рио-2016: 11-ші орындамыз!
Бүгін Рио-де-Жанейрода өтіп жатқан ХХХІ Олимпиада ойындарында ауыр атлеттеріміз Ниджат Рахимовтың алтыны, Жазира Жаппарқұлдың күмісі және жүзуші Дмитрий Баландиннің алтынынан кейін Қазақстан құрамасы 11-орынға көтерілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Рио Олимпиадасының көрігі күн өткен сайын қызып келеді. Дәл қазірге дейін, 51 мемлекет Олимпиада медалін алып үлгерген. Қазақстан қоржынына бүгін түскен ауыр атлетіміз Ниджат Рахимов, жүзуші Дмитрий Баландиннің алтындары мен Жазира Жаппақұлдың күмісінен кейін 2 алтын, 2 күміс, 3 қола медальмен 11-орынға көтерілдік.
Ал АҚШ алтын медальдар санын 10-ға жеткізіп, көш бастап келеді. Олардың еншісінде 10 алтын, 11 күміс, 10 қола бар. Екінші орында 10 алтын, 5 күміс, 8 қола жеңіп алған Қытай құрамасы келеді. Ал үшінші орынға 6 алтын, 1 күміс, 11 қола медальді иеленген Жапония спортшылары көтерілді..
Еске сала кетейік, жарыстың алғашқы күнінде дзюдодан ерлер арасында 60 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде сынға түскен Елдос Сметов ел қоржынына күміс жүлде салса, 48 келіге дейінгі салмақта әйелдер арасында жарысқа қатысқан Отгонцэцэг Галбадрах Олимпиада ойындарының қола жүлдегері атанды. Ал үшінші медальді қоржынға ауыр атлет Фархад Харки салды. Ол ерлер арасындағы 62 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде өнер көрсеткен болатын. Олимпиаданың төртінші күні тағы бір ауыр атлет қызымыз Карина Горичева 63 келі салмақта төртінші медальді ел қоржынына салса, бүгін Олимпиаданың бесінші күні екі ауыр атлетіміз Ниджат Рахимов пен қазақтың қызы Жазира Жаппарқұл 1 алтын, 1 күміс медаль олжалап, мерейімізді бір көтеріп тастаған еді. Көп ұзамай жүзуші Дмитрий Баландин 200 метр қашықтыққа жүзуден 2:07,46 көрсеткішке қол жеткізіп, екінші алтын медальды қоржынымызға салды.