ХАЛЫҚ ҚАЛАУЛЫСЫ – ҚОҒАМДЫҚ ҚАБЫЛДАУДА
ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Әлия Сапарова "Нұр Отан" партиясы Қостанай облыстық филиалының қоғамдық қабылдау бөлмесінде тұрғындардың жеке мәселелерін қарады. Қабылдауға 4 адам жазылған. Солардың бірі – Айман Мырзахметова. Ол президент жарлығымен 2011 жылы 18 сәуірде «Алтын алқамен» марапатталған. Бірақ, әкімшілік оған тек кітапша ғана тапсырып, алқаны кейін әкелетінін айтыпты.
– Мен әкімге де кірдім. Бұл жұмысты қызметкерлеріне тапсырдым деді. Содан, не керек, бес жыл болды, өзіме тиісті алқаны әлі ала алмай жүрмін. Бұл аз десеңіз, бізде оның орнына «Күміс алқа» бар, соны алсаңыз қайтеді деп қоңырау шалды бір жас жігіт. Мен мынадай қылықтарына төзе алмағандықтан сіздерге келіп отырмын, – деді Айман Аманжолқызы.
– Аталмыш мәселемен бірінші рет ұшырасып отырмыз. Біз тиісті құжаттарды қарап шықтық. «Алтын алқа» мен кітапшаны алғандығы жөнінде Айман Мырзахметованың қолы қойылған құжат та бар. Заң жүзінде барлығы дұрыс. Бұл жердегі мәселе басқада болуы мүмкін, – деді Қостанай облысы әкімі аппараты кадрлар жұмысы бөлімінің меңгерушісі Элина Попова.
Халық қалаулысы тұрғынның өтініші бойынша партияның Қостанай ауданындағы филиалына нақты тапсырмалар берді. Мәселе жақын арада шешімін табатын болады.
Қостанай қаласының тұрғыны Әли Ысқақов Ұлы Отан соғысының қатысушылары мен мүгедектерiне және соларға теңестiрiлген адамдарға берілетін жеңілдіктер туралы құқықбұзушылықтар бар деп есептейді. Себебі, оның ядролық полигонның жүргізілуі кезінде болғанын растайтын құжат Ресейге көшірілген-мыс.
– Мен ядролық сынақтар жүргізілген Курчатов қаласында әскери қызметте болдым. Қостанайдан 19 вагон аттанған едік. Бастапқысында адамдарға, жануарлар мен табиғатқа тікелей зардабын тигізген ашық сынақтар жасалды. Сосын оларды жер астында жүргізді. Атом бомбаларының жарылыстары сұмдық ауыр болды. Мұның бәрі өткеннің әңгімесі болып қалды. Қазіргі мұңым тіптен бөлек. Менімен бірге бір ротада болған замандастарым қазір түрлі жеңілдіктерге ие. Ал, маған емханаларға да жеңілдіктер қарастырылмаған. Полигонда болғаным жөніндегі анықтаманы облыстық әскери комиссариат растамай отыр, – дейді базынасы бар қария.
Бұл сұраққа Зейнетақы төлеу жөніндегі мемлекеттік орталығы Қостанай облыстық филиалының директоры Гүлсім Хасанова жауап берді.
– Тұрғынның ядролық полигонда болғанын растайтын құжаттың Ресейге көшірілуі мүмкін емес. Бұл мәселенің анық-қанығын анықтау қажет, – деді сала басшысы.
Өз кезегінде Әлия Сапарова осындай тағы бір-екі фактіні алға тартып, бұл мәселені мәжіліс төңірегінде көтеретінін айтты.
«Алтын алқа» иегері, еңбек ардагері Ғайни Елеусізова үй кезегінде 2006 жылдан бастап тұр. Оның айтуынша, кезек мәселесінде «бармақ басты, көз қыстылық» болып тұр.
– 10 жылдың ішінде 1 пәтер ала алмағанымызға не деріңіз бар? Кезекке менен кейін тұрса да, пәтердің кілтіне ие болып жатқан таныстарым бар. Маған осыны анықтап берсеңіздер екен, – деді зейнеткер.
Бұл мәселе жөнінде Әлия Сапарова құқық қорғау органдары айналысатынын жеткізді.
Қостанай облысы әкімдігінің жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы маманы Ерлан Оспанов Ғайни Елеусізованың үй кезегінде 535-ші болып тұрғанын айтты. Сондай-ақ, қазіргі текті 17 мың адам өз пәтерінің кілтін күтуде.
Қасқырбай Қойшыманов.
Суретті түсірген Бағдат Ахметбеков.