Пәтер иелері құрылыс фирмасын сотқа берді
Қаламыздағы Текстильщиктер көшесінің бойында орналасқан №10А үйдің тұрғындары “ВИСТ” құрылыс фирмасының үстінен №2 қалалық сотына шағым түсірді.
Шағымданушылардың бірі, талапкер Т. 2013 жылы аталған тоғыз қабатты үйден “Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі” арқылы бір бөлмелі пәтерге қол жеткізген. Бірақ, бүгінде ол ипотекаға алған пәтерінің қызығын көре алмай отырғанға ұқсайды. Өйткені, әр көктем сайын еріген қар суы мен жаз, күз айларындағы толассыз жаңбырдың салдарынан әрі мердігерлердің салдыр-салақтығынан пәтерінің төбесінен су ағып, ыңғайсыздық тудыратын көрінеді. Бүгінде сыз тартқан пәтерде тұру мүмкін емес әрі төбеден аққан судың салдарынан электр жарығын да дұрыс пайдалана алмай отырған көрінеді. Талапкердің сөзінше, бұл жағдай кезінде үйдің шатырын дұрыс салмағандықтан орын алып отыр. Пәтер иелері осы мәселемен мердігерлік ұйымға бірнеше рет хабарласқан, ал олар бұл істі осы үйдің жеке пәтер иелерінің кооперативіне сілтеуде. Ақыры ешқандай нәтиже шықпаған соң талапкерлер сотқа жүгінуге мәжбүр болған. Енді пәтерлер иелері сот арқылы бұған жауапты “ВИСТ” құрылыс фирмасының үйдің шатыры мен пәтердің төбесін жөндеп беруге міндеттеуді және үйді қабылдап алуда немқұрайлылық танытқан тиісті орындардан 300 мың теңге моральдық шығын төлеуді талап етуде.
Бұл іске қатысты алғашқы тыңдалым ағымдағы жылдың 1 тамызына белгіленген.
Қарлығаш ОСПАНОВА