Арқалағаны – алғыс
Торғайда темір-терсекке жан бітіріп, түрлі техниканы қолымен-ақ құрастырып шығатын бір кісі бар. Ол-Болат Қосқолов.
Кейіпкеріміз қарапайым азамат көрінді. Ол Торғай кентінде дүниеге келген. Бұл кісінің кәсібі ғана емес, өзіндік болмысы да көпке үлгі. Орта мектепті тәмамдап, Қостанайдағы колледждердің біріне түскен бозбала алты ай оқуды артқа қалдырып, жазда ауылға демалысқа келген. Алып-ұшып ауылға жеткендегісі бір жағы елді сағынғандық, оқуын оқымай кетсе де, әкесінің жанында қалып, үйдегі оны-мұны шаруашылыққа көмектеспек. Ұзақ жыл ұстаздық еткен, ел ішіне сыйлы қартты қора-қопсының шаруасына қимайды. Бұларды оқытты, тоқытты. Енді бейнетінің зейнетін көруі тиіс. Болаттың түпкі ойы осы. «Балам оқуыңа бар, біліміңді жетілдір»,-деп қария бір-екі рет айтып та көрген, Болат алған бетінен қайтпады. Көкесінің шөп айырлап, қи ойғанын қалмайды ол. Бұл Халық ақсақалдың зейнеткерлікке шыққан шағы еді.Бала жастан бойын техникаға деген әуестік жеңген Бөкең Қостанайдағы оқуын осылайша «мерзімінен бұрын» аяқтайды. Несі бар, ауылда жүріп-ақ, техника біткеннің тілін меңгеруге болады. Оқу іздеп, алысқа ұзағандардың да деңгейі өзі тақылеттес екенін сезеді. Әсілі, техника мамандығына онша-мұнша білімнің қажеті де шамалы-ау сол.
Бірте-бірте көлік бөлшектерін тірнектеп жинап , кейін қолдан «КамАЗ» жүк көлігін құрастырып алды. Онысы кәдімгідей кәдеге асты. Болат Халықұлының о бастағы арманы-қолынан келіп жатса, жерлестеріне қол ұшын созу еді. Бұл ойы әп-сәтте орындалды. Ерінбей-жалықпай жүріп жалғыз өзі шалғайдан Торғайға көмір тасыды. Сөйтіп, бүтін елдің мұқтажын өтеп, ауылдастарының алғысын арқалады. Ол кезде мұндай тәуекелге барудың өзі көзсіз ерлікке пара-пар еді. Болаттың қиын күндердегі елге жасаған жәрдемін ауылдастары әлі күнге дейін жыр қылып айтады. Еңбегі еш кеткен жоқ, Бөкең кеудесіне «Ерен еңбегі үшін» медалін тақты. -Бір нәрсені құрастырып, одан нақты дүние шығару сүйекке сіңді әдет қой. Жеке кәсібің біреуге пайдасын тигізіп жатса қалайша қуанбасқа?! Бұл мені одан сайын шабыттандыра түседі. Осының бәрі бозбала шақтағы қызығушылықтан шығар, қас қарайғанға дейін үлкен кісілердің қасынан шықпай, техника атаулының жай-жапсарына қанығып өстім. Арнайы білім алмасам да,осы көліктерді жылдар бойы жиған тәжірбиеме сүйене отырып құрастырып үйрендім,-дейді тереңнен сыр суырпақтаған кәсіпкер.
Істің көзін тапқан кәсіпкер әл-әзір табыссыз емес. Бүгінгінің биігінен безбендесек өз кәсібінің жемісін көріп отыр. Техника қатарын толықтырды. Оны айтасыз, Торғайдағы бой көтерген құрылыс нысанына да Болат ағамыз жауапты. Мақсаты айқын – әрі көлік жөндейтін, әрі ауыр техникаларды жуатын және автобөлшектер сататын дүкен ашпақ. Жерлестері игілігін көрсін дегені. Нысан қолданысқа берілсе, халық пайдасы шаш-етектен. Кәсіп аясы кеңейе түседі. Шыны керек, Торғайда техникалық қызмет көрсету орындары тапшы.Бүгінде кәсіпкер он адамға жұмыс тауып беріп отыр. Ол мұнымен шектелмек емес. Сондықтан шығар, аудан басшылығы Болат Халықұлының көмегіне зәру. Аудандағы жол қатынасын реттеу, оны жыл он екі ай бойы күтімде ұстау айтуға ғана оңай. Болат аға осының бәрін өзі құрастырған көліктерімен-ақ атқарып жүр. Өткен жылы ауданішілік жолдарды дұрыстады. Рахатын жергілікті тұрғындар көріп отыр. Бұрын қыста қар жауса, немесе көктемгі лайсаң уақытта ауылдардан аудан орталығына жету қияметтің қайымы еді. Қазір мұндайдың бірі жоқ. Жылдың қай мезгілі болсын жол тазартулы. Екі араны жол қылған жүргіншілер аудандық газет арқылы кәсіпкерге алғыстарын білдіріпті.
Жерлестеріне жаны ашығандық емей не, шаруақор жігіт ағасы әсте дамылдауды білмейді. Туған Торғайының түлегенін, заман ағымына сай дамығанын көргісі келеді. Баяғыдай елге ел қосылып, төсі мыңғырған малға толғанын қалайды. Армандар орындалады. Тек Бөкең тәрізді өзге де епсекті жігіттер берекелі іске бет бұрып, үн қосып жатса, кәнеки!
Әкенің айтқан ақылы, шешенің айтқан нақылы бойына құт болып дарыған Болаттай азаматтар әр елге керек-ақ. Жүрегі елім деп соққан бір жігіт осындай-ақ болсын!Беделі биік, абыройы асқақ Болат Халықұлының өзі бес баланың әкесі. Ұлын ұяға, қызын қияға қондырған жан. Тумысынан әкенің айтқанын екі етпей өскен ол өз ұл-қыздарына да келісті тәрбие берді.
– Не нәрсе де оңайлықпен уысыңа түспейді. Алғашқыда жүрексінгенім рас. Құдайға шүкір, қазір бәрі артта қалды. Ілгеріде жалғыз өзім зіл батпан темірлерді көтеріп, оны аулама тасып жүрген кезде осыным бекер-ақ шығар деп ойлап едім. Әйтеуір, төккен тер ақталды. Тек мен ғана емес, өмір көрігінде шыңдалған талай жігіттер жоқтан бар жасап жүр. Осыны өскелең ұрпақ бағалауы тиіс. Өз балаларыма да әркез айтып отырамын. Бес күндік жалған дүние өтеді де, кетеді. Сондықтан, ата-ананы тірісінде құрметтеп, сыйлау керек. Мені осы күнге жеткізген марқұм әкемнің ақ батасы шығар. Тілін алып, ылғи именіп тұратын едім. Атаның алғысы адастырмайды,-деп ағынан жарылды Болат Халықұлы.
Жан-жағына қарайласып, жұрттың бәріне жақсылық жасауға ұдайы ұмтылып тұратын кісінің ісіне сырттай сүйсінесің. «Жақсыдан-шарапат», еткен еңбегі тұтас елге жаққан Болаттай өз кәсібіне адал жандар бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, ұйымшылдық танытып жатса, Торғайдың даңқын асырар еді-ау деген ізгі ой сайрап жатты санамызда. Бөкеңнің өзі бір сөзінде: «Ауданға жаны ашитын азаматтар көп болса деп тілеймін. Халық ешқашан жұмыс істеуден қашпайды» -дейді. Есті адамның сөзі. Бұған біздің еш алып-қосарымыз жоқ.
Кенже ҚОНЫСБАЙ .
Жанкелдин ауданы.
Суреттерді түсірген автор.
Жарайсыз! Осындай азаматтарымыз коп болсын!