Көкалатқа 550 түп көшет отырғызылды

Жангелдин ауданы, Көкалат ауылында 550 түп ағаш егілді. Игілікті шара Қазақ хандығының 550 жылдығына арналды. IMG_4365
Ағаш көшеттері Ресейдің Челябі облысынан, арнайы тәлімбақтан әкелінген. Ауылды абаттандыру идеясының авторы әрі демеушісі Қайрат Бекболат атты азамат.IMG_4478
«Біздің ауылда бизнестің әлеуметтік жауапкершілігін жете түсінетін іскер азаматтар көп. Солардың өнегелі ісі маған үлгі болды. Өзім осы ауылдың түлегімін. Ізімізді басқан іні-қарындастар өсіп келеді, соларға тәрбие болсын деген ниетпен бастаманы жүзеге асырып жатырмыз. Мемлекет басшысының биылғы жылды тарихқа арнауы дереу іске көшуіме қамшы болды», – дейді Қайрат Егеубайұлы. Айтса айтқандай, Көкалат ауылында кәсіпкер Қасым Баймағанбетов ауыл маңындағы қорымын қоршап, Шәкір батырға кесене орнатса, тағы бір іскер азамат Хамит Шәкин мешіт салып берді. Қазір Астанада тұратын, Көкалаттың бір тумасы, елжанды азамат Талғат Әмірхамзин бос тұрған ғимаратты кафеге айналдырып, дүкен ашты. Аталған нысандар бүгінде 5 адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр.IMG_4338
Ағаш егу акциясына ауылдың тайлы-тұяғы қалмай қатысты. Көшеттер негізінен мектеп ауласы мен Жеңіс саябағына, мешіт маңына отырғызылды. Аудан әкімінің орынбасары Түбекбай Әубәкіров, аудандық мәслихаттық хатшысы Серік Нұрғазин, ауыл әкімі Отар Біржікенов, Албарбөгет орта мектебінің директоры Қанат Иманбаев көпшілік жанынан табылып, ақыл-кеңестерін берді.IMG_4369
Марал ишан атындағы облыстық мешіттің бас имамы Асылхан қажы Түсіпбек, облыстық «Зекет» қорының төрағасы Жақсылық Ғайсин бастаған бір топ дін қызметкерлері арнайы келіп, Таласбай мешітінің алдына өз қолдарымен ағаш егіп, игі бастамаға қолдау білдірді. Ұлы Отан соғысы жылдары майданда шейіт болған боздақтар рухына құран бағыштады.
«Қазір Көкалат ауылының ахуалы көш ілгері. Өткен жылы мемлекеттік «Ақбұлақ» бағдарламасымен су тартылып, елді-мекен жүз пайыз сумен қамтылды. Жарық тұрақты, телефон байланысы үзілмейді, оның сыртында екі бірдей ұялы байланыс аппараттары қойылған. Селолық округте 18 жеке шаруа қожалығы ашылған. Олар мемлекеттік бағдарламаларға белсенді қатысуда. Соңғы екі жылда асылтұқымды 33 бұқа әкелінді. Шаруашылықтар 15 жаңа техника сатып алды. Мұның бәрі үкіметтің жеңілдігін тиімді пайдаланғанының арқасы.
Қазір көші-кон тұрақталды. Қайта көшіп келушілер бар. Осы орайда, Қайрат Бекболатовтың ауылды абаттандыруға үлес қосуы бізге рухани демеу берді. Акцияға мектеп оқушылары да үлес қосып жатыр. Болашақта еліміз көркейе беретініне сенім мол», – дейді ауыл әкімі Отар Біржікенов.
Іс-шара соңында «Ажар» дәмханасында ас беріліп, тағылымды әңгімелер айтылды. Ауыл тұрғындары дін қызметкерлерінің сұхбатымен сусындады. Облыс, аудан, Астанадан келген меймандар берекелі істерге ризашылығын білдіріп, тарихи Торғайдың құйқалы қонысы Көкалат ауылы көктей берсін!» деп тілектерін айтты.IMG_4272
Айта кету керек, Көкалат ауылынан Назарбек Бектемісов, Қоғабай Сәрсеке, Қойшығара Салғара, Төлен Әбдік, Қонысбай Әбіл сынды сөз зергерлері түлеп ұшқан. Айса Нұрманов пен Қыпшақ Сейтқұл, Дауылбай Оймауытов сынды тарихи тұлғалардың туған жері.  
 
Абылай Мауданов
Суретті түсірген  Бағдат Ахметбеков

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓