Мүгедектерді жұмыспен қамту – маңызды мәселе
Бүгінгі таңда мемлекет тарапынан мүгедектер үшін көптеген бағдарламалар жасақталып, жұмыстар жүріп жатыр. Соның ішінде кембағал жандарды жұмыспен қамту маңызды мәселе болып табылады. Елбасымыз да өзінің соңғы Жолдауында осы мүмкіндігі шектеулі жандарға қатысты орынды мәселелер көтеріп, оларды жұмыспен қамтуға қатты көңіл бөлу керектігін қадап тапсырған болатын. Облыс әкімдігінде өткен кезекті аппарат мәжілісінде де осы мүгедектерді жұмыспен қамту мәселесі қаралды.
Облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Е.Жаулыбаевтың айтуынша, Қостанай облысында 26 668 мүмкіндігі шектеулі жан бар болса, солардың 69 пайызы еңбекке қабілетті жаста көрінеді.
-Бүгінде өңірде кембағал жандарды жұмыспен қамту мәселесі өз шешімін тауып келеді. Мәселен, жыл басынан жұмыспен қамтылған мүгедектер саны 4152 адамды құраса, қазіргі күнге дейін олардың саны 4641-ге жетіп отыр. Облыстағы жұмыс істемейтін 3014 мүгедектің 98 пайызы 3 топтағы, ал қалғаны 1, 2 топтағы мүгедек жандар болып табылады. Аудан, қалалардағы жұмыспен қамту бөлімдері де кембағал жандарды еңбекке тарту мақсатында біраз жұмыстар атқаруда. Нәтижесінде, мыңнан астам жанның жұмыс істеуге ниетті екендігі анықталды. Бірақ, осы жұмысқа орналасқысы келгендердің 60 пайызында (632 адам) арнайы білім жоқ, тек 5 пайызында ғана (79 адам) жоғары, ал 35 пайызында техникалық және кәсіптік білімдері бар екен. Дегенмен, үстіміздегі жылы аудан, қала бойынша 341 адамды жұмыспен қамту жоспарланса, соның ішінде 253-і тұрақты жұмыспен, ал 88-і қоғамдық жұмыстарға тартылатын болады, – дейді басқарма басшысы Е.Жаулыбаев.
Жалпы, үстіміздегі жылы облыс бойынша жұмыс істеуге ниет білдірген 518 адамның 395-і тұрақты жұмыспен қамтылып, 123-і қоғамдық жұмыстарға тартылған, бұған қоса 19 адам кәсіптік білім алуда. Басқарма басшысының айтуынша, мүмкіндігі шектеулі жандардың еңбекпен қамтылуына бос жұмыс орындары жәрмеңкесінің де көп көмегі тиюде. Жыл басынан бері осындай 51 жәрмеңке ұйымдастырылып, оған 575 адам қатысқан.
Айта кетер жәйт, 2007 жылдан бері білім алғысы келген мүгедек балалардың оқуына қаржылай көмек беру үрдісі еліміз бойынша тек біздің облыста ғана жалғасын тауып келеді. Бүгінде жыл сайын жүзден астам мүгедек студентке осындай материалдық көмек көрсетіледі. Ал, 2008 жылы алғаш рет өңірде кембағал жандарға арналған әлеуметтік такси мәселесі шешілген болатын. Осы уақытқа дейін мұндай мүмкіндік тек Қостанай мен Рудный қалаларында ғана болса, үстіміздегі жылдың маусым айынан бастап Арқалық қаласында да пайда болды. Биыл бұл мақсатқа жергілікті бюджеттен 24 млн. теңге бөлінді. Сонымен қатар, биылдан бастап әлеуметтік нысандар мен көлік инфрақұрылымдарын мүгедектерге қолжетімді ету жұмыстары да қолға алынуда. Мәселен, келер жылы осындай 1377 әлеуметтік нысанның 250-і кембағал жандар үшін қолжетімді болады деп күтілуде. Ал, биыл бюджеттен 378, 1 млн. теңге 158 нысанды бейімдеуге қаралса, соның ішінде 107 нысан «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы шеңберінде бөлінген қаражат арқылы жүзеге асырылатын болады. Қазіргі таңда облыс бойынша мүгедек жандар үшін тек қырық нысан қолжетімді деуге болады, яғни 16 пайызы ғана. Сондай-ақ, үстіміздегі жылы 438 жол белгісі мен 29 дыбыс қондырғыларын орнатуға және телеарналарды сурдоаудармашылармен қамтамасыз етуге республика және облыс қазынасынан барлығы 76,6 млн.теңге бөлініп отыр.
Облыс әкімі Н.Садуақасов басқарма басшыларына мүгедектерді жұмыспен қамту жұмыстарын әлі де кеңінен жүргізуге тапсырма берді. Сондай-ақ, оларды жұмыспен қамту ісі тек сырт көз үшін емес, нақты әрі нәтижелі түрде жүзеге асуы қажеттігін ескертті.
Қарлығаш Оспанова