Мақсат – халық сенімін ақтау
Кеше «Нұр Отан» партиясы Қостанай облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ғазиз Бекмұхамедов Соколов-Сарыбай кен байыту өндірістік бірлестігінде болды. Алдымен Ғазиз Ерболатұлы «Соколов» кеніші мен Автокөлік басқармасына атбасын тіреп, мұндағы атқарылып жатқан жұмыстардың ауқымдылығына көз жеткізді. Одан әрі қонақ Шекемтас өндіру фабрикасына барып, партия активімен кездесті.
Бүгінде Қостанай облысы бойынша партияның 444 бастауыш ұйымы мен 21 филиалы бар. Соның ішінде ССКӨБ аудандық филиалы «Мектепке жол», «Бақытты балалық шақ», «Ардагерлерді ардақтайық!», «Кедергісіз келешек» сияқты партиялық жобаларды сәтті жүзеге асырып, мыңдаған жанға қамқорлық пен қолдау көрсетті. Ал Шекемтас өндіру фабрикасындағы партияның бастауыш ұйымы 2015 жылы өткізілген республикалық конкурста топ жарып, нәтижеге бағытталған жұмыстың жарқын үлгісін көрсетті.
Жиында сөз алған Ғазиз Бекмұхамедов филиалдың материалдық-техникалық жабдықталуына, депутаттардың жұмысына оң бағасын берді. Елбасы Жолдауында және Бес ұлттық реформаны жүзеге асырудың 100 нақты қадамында айтылған тапсырмаларды орындауда бастауыш партия ұйымдарының атқарар үлесі зор екендігін жеткізді.
– Қазіргі уақытта партия қатарын нығайтумен қатар, оның сапалық жағына да мән берілетін болады. Халық сенімін ақтау – бұл партияға деген сенімді ақтау екенін әрбіріміз түсінуіміз керек. Біз жергілікті жерлерде бастауыш партия ұйымдарының белсенділерін қолдау арқылы қарапайым адамдардың қандай әлеуметтік проблемалары бар екенін анықтауға және оны бірлесе шешуге мүмкіндіктер жасайтын боламыз. Осы орайда сіздер тарапынан да тың ұсыныстар, идеялар ортаға салуды сұраймыз, – дейді ол.
Кездесу соңында бірлестіктегі партия белсенділері Владимир Шаповалов пен Игорь Переноскийге «Нұр Отанның» облыстық филиалы атынан алғыс хаттар табысталды.
Қуаныш ЕСҚАБЫЛ,
Рудный қаласы.