Тәртіп те, баға да бақылауда

9 қаңтар күні облыс және аудан депутаттары Тобыл қаласындағы жанармай құю нысандарын, бақылау-өткізу бекеттерін аралады. Мақсат – бағаны бағамдау, тәртіптің қадағалауда екеніне көз жеткізу.
Комиссия құрамында Қостанай аудандық мәслихатының депутаттары – М.К.Сартов, А.И.Брехачев, Хазез Мешіт, Қостанай облыстық мәслихатының депутаты Н.А.Өтеулин, облыстық мәслихаттың тұрақты комиссиясының төрағасы Б.А. Тибеев болды. Депутаттар әуелі Тобыл қаласындағы «БСГ» жанармай құю бекетіне барды. Мұнда өзге бекеттердегідей сұйытылған газ бекітілген 70 теңгеден сатылып жатыр. Қазіргі таңда қор жеткілікті, тұрғындардың алаңдауына негіз жоқ.
Бұдан соң комиссия мүшелері төтенше жағдай жарияланған кезде облыс аумағында орнатылған бақылау-өткізу бекеттерінің қызметімен танысты. Олар Әулиекөл тас жолы бойында және Садовый ауылының маңында орналасқан бақылау-өткізу бекеттерін аралады. Нақты осы бекеттерге таңдаудың жасалуы кездейсоқтық емес. Әулиекөл тас жолында орнатылған бақылау-өткізу пунктінің облыстық маңызы бар, ал Садовый елді мекеніндегі бақылау бекеті Қостанай ауданына қарайды. Бұл бекеттерде учаскелік полиция қызметкерлері тәулік бойы дамылсыз жұмыс істеп жатыр. Көлік өткелдерінде облыс тұрғындарының жол жүру мақсаты нақтыланып, қатаң тексеруден өтеді. Тәртіп сақшыларының айтуынша, бақылау бекеттерінде заң бұзушылықтар болған жоқ.
Іссапар соңында аудандық мәслихат депутаттары жұртшылықты сабырға шақырып, ел бірлігін сақтауға, сондай-ақ төтенше жағдайдың барлық талаптарын сақтауға шақырады.
 

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓