Басты мақсат – мүгедектер мәселесі
Облыс әкімінің кеңесшісі Аслан Дабылов ауданымызға арнайы атбасын бұрып, әлеуметтік нысандарды аралап, мұндағы мүгедектердің мұң-мұқтажын тыңдады.
Әуелі, аудандық ауруханаға бас сұғып, науқастарға арналған нысанның тыныс-тіршілігімен танысты. Аурухана алдыңдағы мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған мініп, түсетін орынның орынсыз жасалғанын сынға алып, алдағы уақытта қолдан келгенше қолайлы етіп қайта жасауларын өтінді. Ал бас дәрігер Жұмағали Құсайынов болса, бұл ескертуден қорытынды шығаратынын айтты. Содан соң мәртебелі мейман 120 палуан, 80 боксшы тәрбиелеп жатқан аудандық балалар және жасөспірімдер спорт мектебі, Халыққа қызмет көрсету орталығы, қазіргі таңда күрделі жөндеу жүргізіліп жатқан Өнер мектебі мен Урицк білім ошағына және Сарыкөл агробизнес және құқық колледжіне арнайы барды. Аталмыш әлеуметтік нысандарды аралаған Аслан Жұмағалиұлы бірінші кезекте мүгедектер үшін не істеліп жатқандығын, олардың ғимараттарға емін-еркін кіріп-шығуы үшін арнайы жасалған кіреберістердің қаншалықты қолайлы орналасқандығын қадағалады.
Сондай-ақ, салиқалы қонақ, сапар соңында аудан әкімдігінің кіші мәжіліс залында аудан әкімінің орынбасары Елжан Тұрабековтың төрағалығымен, аудан мүгедектері (солардың ішінде Сочиде өткен паралимпиада жеңімпазы жерлесіміз Александр Колядин де бар), мүгедек балаларға көмек көрсететін әлеуметтік мамандар және олардың ата-аналарының басын қосып, алқалы жиын өткізді. Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың Жолдауында жүзеге асырылуға тиіс деп көрсетілген жарымжан жандарға қатысты толайым тапсырмаларға тоқталды. Мемлекет басшысының берік ұстанымын ұстанған ол мүмкіндігі шектеулі жандарға көмек көрсету мақсатында келгенін айтып, жиналғандардың көкейтесті сауалдарына жауап берді.
-Өздеріңіз жақсы білесіздер, Елбасымыз өз Жолдауында мүмкіндігі шектеулі жандарға жіті назар аударуды тапсырды. Елімізде 2017 жылға дейін мүгедектер мәселесін шешу алға қойылып, 2018 жылы кедергісіз келешек болады. Сол үшін облыста мүгедектердің қоғаммен етене араласуы үшін, өмірге деген қызығушылықтарын күшейту, жұмысқа орналастыруда қөмек көрсету жөнінде және жалпы олардың мүдделері үшін мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс шеңберінде жүзеге асырылатын әлеуметтік маңызды жобалар жүзеге асырылуда. Әртүрлі іс шаралар өткізіледі. Кемеңгер көшбасшымыздың тапсырмасын «Нұр Отан» партиясы бұлжытпай орындап, алға нақты міндеттер қойып, іске кірісіп те кетті.
Бүгін, Сіздердің аудандарыңызға келіп, өңірді өз көзіммен көріп, өздеріңізбен танысып жатырмын. Жалпы, аудандарыңызды өркендеп келе жатқан өңір деп айтуға әбден болады. Болашақта Сіздерге де мүмкіндіктер мол болатынына сенемін, Сіздер де оған бек сеніңіздер – деді өз сөзінде Аслан Дабылов.
Жалпы, осы отырыста мүгедектердің бірі баласының қалаға арнайы оқуға жалғыз жібере алмайтындығын айтып, оған қандайда бір көмек қолын созуды сұраса, енді екіншісі үйіне су тартып беруін өтініп, сол секілді тағы басқалары жеңіл жұмыс сұрап, өзекжарды өз өтініштерін білдірді. Мұның бәріне бірдей жауап берген облыс әкімінің кеңесшісі А.Ж.Дабылов алдағы уақытта мүгедектердің маңызды мәселелерінің шешімін айтып, арнайы хабарласатынын жеткізді.
Ал аудан әкімінің орынбасары Елжан Тұрабеков та талқыланған тақырып бойынша өз ойын ортаға салып, қазір ауданда 18 мүмкіндігі шектеулі жанның жұмыс сұрап келгенін және оның 14-і жұмыспен қамтылғанын тілге тиек етіп, тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін айтты.
Руслан Әлкеев
Сарыкөл ауданы