“Үздік аула” байқауы басталды
Тұрғын үйлердің ауласын тәртіпке келтіріп, абаттандыру мақсатында қолға алынған бұл байқау қаламызда биыл екінші рет өткізілуде. Осыған орай, ұйымдастырушылар бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне өткен жылы аталмыш байқауда жеңіске жеткен 7 шағын аудандағы 17-ші үйдің ауласын көрсетіп қайтты.
Байқауға қатысып, тағы да бағын сынамаққа бел буған бұл үйдің тұрғындары биыл да жеңіске жететіндіктеріне бек сенімді. Өйткені, биылғы дайындықтары өткен жылмен салыстырғанда анағұрлым артықшылықтарымен ерекшеленеді. Тұрғындардың қолымен жасалған саңырауқұлақ алаңы, су перісі, қанатты пырақ сияқты толып жатқан мүсіндер аулаға ерекше сән беріп тұрғандай. Жасанды жеміс ағашы да көздің жауын алады, тұрғындар оған “жұмақ ағашы” деген ат беріп те үлгеріпті.
-Мұның бәрін біз атымызды шығару үшін емес, өзіміз үшін, балаларымыз үшін көріктендіріп жатырмыз. Бұл іске барлық тұрғындар біркісідей атсалысып жатыр десек те болады. Олар қолдануға жарамсыз зат қалдықтарын қоқысқа тастамай, кәдеге жарату үшін өз қиялдарынан әртүрлі мүсін жасап, ауламызға орналастыруда. Оларды түрлі-түске бояп, ауламызды әрлей түсу үшін бәріміз осылайша жұмыла жұмыс істеп жатырмыз. Нәтижесін көпшілік те байқап жатқан болар. Біздің ауламызды қызықтауға әрі осы жерде демалуға көрші үйлердің тұрғындары да келіп жатады. Сырттан келген қонақтар да тұрғындардың ұйымшылдығына, ауламыздың тазалығына таң-тамаша қалысуда. Әрине, мұндай аула кез келген жанның көңілін жадыратпай қоймасы анық, – дейді “Юность-40” ЖТК төрайымы Фатима Гулаева.
Бұл ғажайыптарды жасауға балалардың да үлкен үлес қосқанын айта кеткен жөн.
-Маған ауламыз қатты ұнайды, тазалығы өз алдына, мұндағы түрлі мүсіндер көздің жауын алады, ертегілер әлеміне еніп кеткендей күй кешесің. Көптеген заттарды біз өзіміз жасадық, үлкендерге де көмектестік. Осындай ауласы бар үйде тұрып жатқанымызға өте қуаныштымыз, – дейді осы үйдің кішкентай тұрғыны Қуаныш Жұмағалиев.
Жасаған еңбектерінің еш кетпеуі үшін үй тұрғындары тәртіп сақшыларымен де тығыз қарым-қатынаста әрі ауланың әсемдігін сақтауда полицейлердің де көп көмегі тиіп жатқан көрінеді.
-Біз бұл ауланы күндіз-түні күзетіп, тексеріп тұрамыз. Біз үшін ең бастысы тұрғындардың қауіпсіздігі. Бұл жердің тұрғындары бір-бірін жақсы таниды, сондықтан аса айтарлықтай проблемалар да туындамайды. Егер аула тәртібі мен тұрғындардың тыныштығын бұзуға қатысты жәйттер орын алып жатса, тұрғындар дереу хабарласуға тырысады, – дейді учаскелік инспектор, полиция капитаны Жеделхан Нүрпейісов.
“Үздік аула” байқауының қорытындысы қыркүйек айында шығарылып, жеңімпаздар да сол кезде анықталатын болады. Сондықтан, ұйымдастырушылар егер аталған байқауға қатысамын дегендер болса, әлі де уақыттың бар екендігін айтады.
Қарлығаш Оспанова