Арақтың кесірінен адам өлтірді
Үстіміздегі жылдың 24 сәуірінде Сарыкөл ауданының Севастопольский ауылында қайғылы жағдай орын алған болатын.
Сол күні кешкісін әдеттегі жұмыстан кейін тынығуды ойлаған бес құрылысшы өздеріне жұмыс беруші Ж.Нұрпейісовпен бірге спирттік ішімдік ішеді. Бір сағаттай отырған соң құрылысшылар Т.Досқалиев, К.Рахменов және Н.Тынников демалуды жөн көріп, жатар орындарына кетеді. Ал, дастархан басында қалғандары ішуді жалғастыра береді. Ішімдікке қызып қалған Кулешов есімді құрылысшы түн жарымында айқайлап, дауыстап сөйлеп, ұйықтап жатқандарға маза бермейді. Жанындағылардың ескертуіне құлақ аспаған Кулешов пен Досқалиевтің арасында келіспеушілік туындайды. Ішімдіктің салдарынан қаны қарайып алған Кулешов жанжал кезінде асхана пышағын алып Досқалиевтің кеудесіне сұғып алады. Қатты дене жарақатын алған жәбірленуші сол жерде көз жұмады.
Арақтың кесірінен болмашы дауға бола адам қанын жүктеген қылмыскер кеше соттың шешімімен 7 жылға бас бостандығынан айырылды. Енді ол қатаң тәртіптегі түзету мекемесінде жазасын өтейтін болады.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.
Қарлығаш Оспанова