Аудандық эстафета – ауылдарда
ҚР Тәуелсіздігінің 25 жылдығы мен Қостанай облысының 80 жылдық мерейтойларына арналған Сарыкөл ауданының "Еңбек Даңқы" кітабы эстафетасы жалғасуда.Ауылдарды аралап жүрген даңқты еңбеккерлердің есімі тізілген тарихи кітап бұл жолы Тимирязев округінен Златоуст елді мекеніне салтанатты түрде тапсырылды.
Шараға мәртебелі меймандар, аталған ауылдың еңбек сіңірген ардагерлері мен тұрғындары жиналды.
Ал, шараның шымылдығы қазақтың дәстүрі – шашумен түріліп, аудан әкімі Эльдар Күзенбаевтың алғы сөзімен астасты.-Бұл – біздің аудан үшін тарихи оқиға. Аға буын өкілдері, Сіздердің ерен еңбектеріңізге баға жетпейді. Сондықтан, осы шараны қолға алдық. Өздеріңізді біз ғана емес, ертең өскелең ұрпақ та ұлықтайтын болады, – деді өз сөзінде өңір басшысы.
Сондай-ақ, Эльдар Қонысбайұлы жүрекжарды құттықтауынан соң бір топ ауыл ардагерлері мен кәсіпкерлерге мадақтама қағаздары және естелік сыйлықтар табыс етті.Айтпақшы, бұл күні ауыл сахнасында өңір өнерпаздарының қатысуымен әсем әндер әуелеп, киелі домбыра шанағынан күй күмбірлеп, билер орындалды. Ең бастысы, ауыл халқы ерекше әсер алып, бір тамаша күйді бастан кешірді.
Руслан ӘЛКЕЕВ.
Сарыкөл ауданы.