Щербаковта мұражай мен саябақ ашылды
Қостанай облысы, Щербаков ауылында қос бірдей қуаныш! Елді мекенде жаңа мұражай залы мен мәдени және демалыс саябағы ашылды, деп хабарлайды Қазақапарт.Ұлы ағартушы Ыбырай Алтынсарин мен ақын Мәриям Хәкімжановаға арналған мұражай жергілікті халықтың күш салуымен жасақталған. Щербаков ауылы шәкірттерінің қуанышы мен таңданысында шек жоқ. Олар өздері аңсаған музейдің ашылуына куә болды. Шағын залда ата-бабаларымыздың ғасырлар бұрын қолданған бұйымдары бар. Щербаков – Ыбырай Алтынсариннің туып-өскен мекені. Мұнда ұлы ағартушыға қатысты дүниелер де көптеп сақталған.
Щербаков ауылының тұрғыны Саят Алтаев: «Ыбырай Алтынсариннің үйін көрдім, оның өмірде пайдаланған заттарын, сандығын, көзілдірігін және асатаяғын көрдім. Қазір ауыл мектебі өлкенің мақтанышы, биыл туғанына 110 жыл толған Мәриям Хәкімжанованың атында. Ұстаздардың ұсынысымен туыстары ақынның өзі қолданған құнды жәдігерлерді мұнда аманат етіп тапсырыпты»,- деп өз қуашымымен бөлісті.
Музей қызметкері Айсұлу Бәйтекенова пікірінше, ұрпақты тәрбиелемес бұрын, өзіміздің тегімізді, аталарымызды білу міндет. Яғни, тегімізді, атамызды білмеген жағдайда ұрпақтың болашағы болмайды. «Сондықтан, осы ұлттың ұлы өкілдерін біз кейінгі ұрпаққа үлгі ретінде солардың өмірін, олардың шығармашылығын насихаттау мақсатында осы балаларға, біз оқу бағдарламасына енгізіп жатырмыз. Ал мына мәдени және демалыс саябағының құрылысы былтыр басталды. Оған жергілікті бюджеттен 50 млн-нан астам қаражат бөлінді. Ауыл кәсіпкерлері де шет қалмай, өз үлесін қосты. Саябаққа Ыбырай Алтынсаринның аты берілді»,-дейді музей қызметкері.
Щербаков ауылдық округі әкімдігінің бас маманы Бейбіт Сейілхановтың айтуынша, былтырғы жылдан бастап осы ауылдық округіте газ, су тартылып, халықтың жағдайы, тұрмысы түзеле бастаған. «Биыл Ыбырайдың 175 жылдығы қарсаңында, ҚР Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арнап саябақ ашылып отыр. Щербаков ауылдық округінде бүгінде екі жарым мыңға жуық адам тұрады. Елді мекендегі барлық әлеуметтік нысан жұмыс жасап тұр. Енді ауылдың ажарын кіргізген саябақ, жастар үшін ойын-сауықтың базары болмақ.